Мектепте психологтарға штат көбейеді

0
2 291

Ұлттық тестілеу енгізіп, психолог-кадрлардың біліктілігін арттыру курстарын өткізеді


Мектепте психологтарға штат көбейеді

ERNUR.KZ. Қазақстанда мектеп психологтарының кәсіби біліктілігін арттыру курстары жүреді және арнайы тестілеу арқылы олардың еңбекақылары көбейеді, деп жазады ҚазАқпарат.

Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Үкімет отырысында мәлімдеді. Министрдің айтуынша, соңғы кездері балаларға психологиялық көмек көрсету мәселелері жиі көтеріледі.

«Қазіргі уақытта 7 мыңнан астам психолог-педагогымыз бар. Республика бойынша бір психологқа 300 баладан келеді. Көрсеткіш жаман емес. Бірақ, Астана, Алматы, Шымкент сынды үлкен қалаларда бір психолог мыңнан астам баламен жұмыс істейді. Себебі, біздің ереже бойынша қазір бір психолог балалардың санына емес, сыныпқа беріледі. Әрине, сыныпта орташа 10-15 бала болса, психологтар жетер еді. Қаладағы сыныптарда 35-45 бала бар және психолог мыңнан астам баламен жұмыс істеуге мәжбүр. Қазір тиісті өзгерістер енгізіп жатырмыз. Үлкен қалаларда жаңа психологтарды жұмысқа алу қажет болады, әкімдерге осы мәселеге назар аударуды сұраймыз», - деп атап өтті министр Сағадиев.

Сонымен бірге, министр жалпы білім беру ұйымдарындағы психологтардың кәсіби деңгейі көңіл көншітпейтінін жеткізді.

«Осы мәселені шешу үшін «Бақытты отбасы» және Қызылорда облысында ЮНИСЕФ бағдарламасы сынды бірнеше жобалар пилоттық режімде жүргізілді. Енді министрлік жүйелі түрде осы пилоттарды біріктіріп, шетелдік мамандарды тарта отырып, бірыңғай мемлекеттік бағдарлама жасайды. Ұлттық тестілеу енгізіп, психолог-кадрлардың біліктілігін арттыру курстарын өткізеді. Жаңа тестілеу жүйесі арқылы педагог-психологтардың санаттарын өзгертіп, айлықтарын көтеру мәселелері шешілетін құжаттар әзірленіп жатыр», - деді Ерлан Сағадиев.

Жаңа жүйе жыл соңына дейін толық әзірленіп, психологтардың талқысынан өтіп, Үкіметтің қарауына енгізіледі.