Ботагөз Амангелдіқызы жұбайымен қазір екі баланы тәрбиелеп отыр.
фото: кадрдан алынған
2016 жылы Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетін бітірген Ботагөз Ақыпбек диплом алған соң мемлекеттік балабақшада еңбек етуі керек болған. Алайда отбасылық жағдайына байланысты бұл міндетін атқара алмай, 2 миллион теңгеден астам айыппұл арқалаған, деп хабарлайды ERNUR.KZ Алматы арнасына сілтеме жасап.
Ботагөз Амангелдіқызы жұбайымен қазір екі баланы тәрбиелеп отыр. Тұңғышы мүгедек ретінде тіркелген. Баласының денсаулығымен әлі күнге алысып келеді. Жығылғанға жұдырық болғандай, сот оған мемлекеттік грантта оқып, кейіннен мемлекеттік мекемеде жұмыс істемегені үшін 1 миллион 900 мың теңгедей айыппұл салған. Бірақ мұны Ботагөз 2019 жылы екінші баласын босанғанда ғана біліпті.
"Денсаулығына байланысты мүлдем жұмысқа шыға алмайтын болдым. Себебі баламның басында гематома пайда болып, екі айлығында екі операция жасалды. Грантта оқығаным үшін айыппұл келгенін екінші баламды дүниеге әкелгенде бір-ақ білдім. Екі рет сот отырыс болып кеткен. Мені сотқа шақырған жоқ. Маған ешкім қоңырау шалмады", – деді Ботагөз Ақыпбек.
Оқуды 2016 жылы бітірген ол сол жылы тұрмысқа шығып, жүкті болған. "Балалы болатыным туралы университетке анықтама бердім" дейді. Алайда университет өкілдері ондай құжат болмағанын айтады.
"2016 жылдары бізге келген құжаттардың барлығы көшірме түрінде келген. Астанаға көшірме түрінде жіберіліп отырған. Ол қыздың бізге анықтама әкелгені туралы ешқандай мәлімет жоқ", – деді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мансап орталығының басшысы Әсел Алшынова.
Ботагөздің сөзінше, қазір өтеуі керек болған негізгі сома 2 миллион 250 мың теңгеге дейін өсіп кетіпті. Сот оның жеке шоттарын бұғаттаған, яғни картаға түскен қаржы автоматты түрде алынып отырады екен. Отбасының бар тапқан табысы кредит жабудан, пәтер жалдап, баласының дәрі-дәрмегінен артылмайтын көрінеді.
"Баламды емдетуге жан-жаққа алып барып жүрмін. 2,5 миллион төлейтін жағдайым жоқ. 1 миллион болса, бөліп төлей аламын", – деді Ботагөз Ақыпбек.
"Үй кезегінде бармыз. Ақша салуға банктен шот аштым. Бірақ оған қазір ақша салуға қорқып отырмыз. Өйткені екеуміз заңды некеде болғандықтан, Қаржы орталығы шешіп алуы мүмкін деді. Сондықтан ақша жинап пәтер ала алмай отырмыз", – деді Б. Ақыпбектің жұбайы Мұратжан Битөреев.
Ал Білім және ғылым министрілігіне қарайтын Қаржы орталығының өкілдері грантта оқыған кез келген жас маман ешқандай жағдайға қарамастан бюджет қаржысын еңбек ету арқылы қайтаруға тиіс дейді. Олай болмаған жағдайда айыппұл төлеуі керек.
"Біздің тараптан, әрине, көмек болмайды. Себебі заңда көзделген. 3 жыл міндетін орындамаса, бюджеттен шыққан шығыстар толық өтелуі керек. Бөліп төлеуге және соттың шешімін орындауды кейінге қалдыруға мүмкіндік бар. Жас маманның сотқа арыздануға құқығы бар", – деді Қаржы орталығының өкілі Нұркен Әлімбеков.
Жалпы мұндай жағдайлар жиі кездеседі дейді мамандар. Мәселен, 2012 жылдан бері елімізде мемлекеттік грантта 80 мыңнан астам адам білім алса, соның 30 мыңға жуығы грантты еңбек ету арқылы өтеп жатыр. Ал жұмыс істемеген 8 мыңнан астам адамға қатысты талап ету жұмыстары қарастырылған.