Мемлекеттік қызмет көрсету саласында 100 мыңнан аса заң бұзушылық анықталды

0
777

Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35 пайызға жоғары.


Мемлекеттік қызмет көрсету саласында 100 мыңнан аса заң бұзушылық анықталды

ERNUR.KZ. 2020 жылдың басынан бері мемлекеттік қызмет көрсету саласында 100 мыңнан аса заң бұзушылық анықталды, деп жазады Tengrinews.kz.


Баспасөз қызметінің мәліметінше, мемлекеттік органдар мүлік және зияткерлік меншік құқығы саласында – 76 мың, жер қатынастары саласында – 22,6 мың, әлеуметтік қорғау саласында – 2,3 мың заң бұзушылық фактілеріне жол берген.
Агенттіктің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер департаментінің директоры Ильдар Үйсімбаевтың сөзінше, анықталған заң бұзушылықтардың 83 мыңы орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволары, 20 мыңы жергілікті атқарушы органдардың жүйесіз жұмысының салдарынан болып отыр. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35 пайызға жоғары.
Бүгін мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы өзекті мәселелер агенттікте талқыға салынды. Онлайн форматта өткен жиналысқа мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың, "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы өкілдері қатысты.
Отырыста заң бұзушылықтарды анықтау және алдын алу, әкімшілік кедергілер, карантин кезіндегі мемлекеттік қызмет көрсету саласында жұмыстың нашар ұйымдастырылуы, заңсыз делдалдық қызмет көрсету, ақпараттық жүйелердегі техникалық олқылықтар, "электрондық үкімет" порталындағы қолжетімсіз қызметтер бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың тиімсіз жұмысы туралы айтылды.

"Тізімге сәйкес 87,6% (694 қызметтің 608 түрі) электрондық түрде көрсетілуі тиіс. Алайда агенттік 68 қызметтің қолжетімсіз екенін анықтаған: БҒМ - 13, Қаржымині - 13, Еңбекмині - 11, АШМ - 8, ЭГТРМ - 5, Қорғаныс министрлігі - 4, ІІМ - 4, Әділет министрлігі - 2, ДСМ - 2, ҰЭМ - 2, ИИДМ - 1, МСМ - 1, Энергетика министрлігі – 1, ЖС – 1", - делінген хабарламада.

Агенттік төрағасының орынбасары Дархан Жазықбаев Президент Жолдауындағы тапсырмалардың маңызды екенін, халықтың электронды қызметке қолжетімділігін арттыру, биометрияны мемлекеттік қызмет деңгейде, жеке бизнесте кеңінен қолдану керегін атап өтті.
Жиналыс соңында агенттік мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға, "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-ға, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорацияға анықталған заң бұзушылықтарды жоюға, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, сондай-ақ халықпен байланысты күшейту бойынша нақты ұсынымдар берді.