Мемлекеттік қызметшілерді қысқарту жоспары жарияланды

0
826

​Әлеуметтік жағынан осал топтарға кіретін мемлекеттік қызметшілерді қорғау керек, деп атап өтті Жайылғанова.


Мемлекеттік қызметшілерді қысқарту жоспары жарияланды

ERNUR.KZ. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова мемқызметшілердің санын қысқарту жоспары туралы айтты, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Агенттік басшысының айтуынша, мемлекеттік қызметшілердің саны жыл сайын азайып келеді. Мәселен, 2018 жылы олардың саны 98,7 мың адам болса, бір жылдан кейін 97,4 мыңға дейін азайды. Ал биыл 97 мың адам болды. Енді президенттің тапсырмасы бойынша тағы біраз адамды қысқарту қажет. Бірақ бұл жұмыс мемлекеттік аппараттың қызметіне кері әсерін тигізбеуі тиіс. Сол себепті бірнеше ұсыныс қарастырылып жатыр.

"Біріншіден, оңтайландырылатын қызметтерді анықтағанда алдымен тұрақты бос орындар қарастырылады. Бүгінде осы санаттағы вакансиялардың жалпы саны шамамен 8 мың бірлікті құрайды. Бұдан бөлек, жыл сайын зейнеткерлікке шығуына байланысты тағы мыңнан астам қызмет босап отырады", - деді Жайылғанова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оның айтуынша, мыңдаған мемқызметші жекеменшік салаға ауысып жатады. Ондай адамдардың саны 6 мыңға дейін барады.


"Міне, осы резервті пайдалану арқылы біз нақты жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметшілерді қысқартуды барынша азайта аламыз. Екіншіден, әлеуметтік жағынан осал топтарға кіретін мемлекеттік қызметшілерді қорғауымыз керек", - деп атап өтті Жайылғанова.


Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту жұмысын тездетуді тапсырған болатын. Осыған байланысты биыл мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің саны 10 процентке, ал келесі жылы тағы 15 процентке қысқартылады. Осылайша шенеуніктердің 25 проценті қысқартылып, үнемделген қаражат есебінен жұмыста қалған қызметкерлердің жалақысы көтеріледі.