Меморгандар журналистерді жылына бір рет аккредитациядан өткізеді

0
1 160

Жаңа ережелерге сәйкес, журналистер бір-ақ рет қажетті құжаттарды жіберіп, аккредитациядан өтіп алады да, болды.


Меморгандар журналистерді жылына бір рет аккредитациядан өткізеді

ERNUR.KZ. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде бұқаралық ақпарат құралдарын аккредитациядан өткізу ережелерінің жобасы талқыланды, деп жазады ҚазАқпарат.

Биыл аталған ережелерге өзгеріс енгізілді. Ал 13 ақпанда оны кеңінен талқылау шаралары басталды. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің экс вице-министрі Нұргүл Мәуберлинованың айтуынша, жаңа ережелер мемлекеттік органдарда бір жылға аккредитациядан өтуге мүмкіндік береді.

"Мәселен, Мәжілісте журналистерді бір жылға аккредитациялап қояды. Демек, бұқаралық ақпарат құралдары бір рет тіркеледі де, бір жыл бойы Мәжіліске кіріп-шыға береді. Бірақ басқа мемлекеттік органдарда ондай жүйе жоқ. Ал жаңа ережелерге сәйкес, журналистер бір-ақ рет қажетті құжаттарды жіберіп, аккредитациядан өтіп алады да, болды. Сөйтіп, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және басқа да мемлекеттік органдар өткізетін шараларға кіре беруге болады. Құжаттарды бір жібересіз де, мемлекеттік органның тіркеуінде бір жыл бойы тұра бересіз", - дейді Н.Мәуберлинова.

Талқылау барысында жеке құжаттарға қатысты мәселелер де көтерілді. Мәселен, аккредитация кезінде журналистің еңбек шартын талап етуі әбден мүмкін. Қазіргі ережелерде ондай тетіктер бар. Бұдан бөлек, іс-шарада орын жетіспей жатқанда бұқаралық ақпарат құралдарын өткізбеу, мекеменің ішкі тәртібі мен модератордың регламентіне қатысты бірқатар мәселелер бар. Бұның бәрі журналистерді тіркеуден өткізу кезінде қиындықтар туғызуы ықтимал. Ал кейбір жағдайларда модератордың жеке ұстанымына қарай ығысуы әбден мүмкін. Сол себепті аталған мәселелердің бәрі ары қарай талқыланатын болады. Соның нәтижесінде нақты ұсыныстарды әзірлеу көзделген. Айта кетейік, бұған дейін ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев журналистерді аккредитациялау ережелерін кеңінен талқылауды тапсырған болатын.

«Бұқаралық ақпарат құралдарын аккредитациялау ережелерінің жобасын ерекше атап өткім келіп отыр. Вице-министр Нұргүл Өсербайқызы Мауберлиноваға аталған жобаны кеңінен талқылауды тапсырамын. Журналистердің барлық ұсыныстары мен ескертулерін қамту қажет. Аккредитациялау ережелері тек консенсус негізінде ғана қабылдануы шарт. Бұқаралық ақпарат құралдарының пікірлерін барынша ескеру керек», - деді Д.Абаев министрліктің алқа мәжілісінде.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті Дәурен Абаевты жаңадан құрылған Ақпарат және қоғамдық даму министрі лауазымына мақұлдады.