"Миллиондаған шығынды өтейсіз": полиция ата-аналарға ескерту жасады

0
556

​Алматы қалалық полиция департаментінің қызметкерлері 34 мектепке электронды поштамен жалған хабарлама жіберген жасөспірімді ұстады.


ERNUR.KZ. Ішкі істер министрлігі жарылғыш зат туралы жалған ақпарат беретіндер барлық шығынды өтеуге міндеттелетінін еске салды. Ал кәмелет жасқа толмаған балалар үшін ата-анасы ақша төлейді, деп жазады sputnik.kz.

Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Дархан Разуевтың айтуынша, жарылғыш зат туралы жалған ақпараттар көп жағдайда расталмай жатады. Бірақ ол жерге полиция, ұлттық қауіпсіздік пен өрт сөндіру қызметі міндетті түрде барып, ғимаратты тексеріп шығуға тиіс. Адамдар қауіпсіз жерге шығарылып, мекеменің жұмысы уақытша тоқтатылады.

"Біздің есебіміз бойынша осындай жалған шақыртуға 200-300 мың теңге қаражат жұмсалады. Ал ірі мекеменің жұмысы тоқтап қалғанда әрбір сағат сайын миллиондаған шығын келеді. Сосын жалған ақпарат туралы естіген адамдар үрейге бой алдырады. Эвакуациялау кезінде бірін-бірі итеріп жіберуі мүмкін. Олардың ішінде балалар, жүкті әйелдер мен мүгедектер болады", - деді Разуев ішкі істер министрлігінде өткен онлайн брифингте.

Оның сөзіне қарағанда, ондай қылмыстық әрекеттер еріккеннен, әзіл үшін немесе мас күйде жасалады. Мектептегі сабақты тоқтатқысы келетін оқушылар да бар.

"Кәмелетке толмағандар мұндай қылмысқа не үшін барады? Олар достарының арасында өздерін батыр екенін көрсеткісі келеді. Кей кезде үй тапсырмасын орындамай келіп сабаққа қатыспау үшін солай істейді. Мәселен биыл Алматы қалалық полиция департаментінің қызметкерлері 34 мектепке электронды поштамен жалған хабарлама жіберген жасөспірімді ұстады. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр", - деп атап өтті Разуев.

Осы орайда тәртіп сақшысы кәмелеттік жасқа толмаған балалардың жауапкершіліктен босатылмайтынын ескертті.

"Қазақстанда терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама үшін 5 000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу қарастырылған. Ол шамамен 14,5 миллион теңгені құрайды немесе осы көлемде түзеу жұмыстарына тарту, сондай-ақ, 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру, я болмаса, осы мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы қолданылады. 14 жасқа толған адамдар қылмыстық жауапқа тартылады. Оны мектеп оқушылары білуге тиіс. Сонымен қатар осындай хабарламаның кесірінен келген барлық шығын өтеледі. Қылмысты кәмелеттік жасқа толмаған балалар жасайтын болса, шығынды ата-анасы өтейді", - дейді Разуев.

Құқық қорғау органдары заманауи техникалық құрал-жабдықтардың арқасында осы санаттағы қылмыстарды жылдам аша алады. Қоңырау шалған адам дауысын өзгертіп, SIM-картасы мен телефонын ауыстырса да, бір тәуліктің ішінде қолға түседі.

Полиция жарылғыш зат туралы жалған ақпарат беретін адамдардың әлеуметтік портретін де жасады. Олардың басым бөлігі – жұмыссыздар. Орташа жасы – 35-49. Дегенмен 18-29 жастағы "әзілқойлар" да кездеседі. Оқушылардың саны 3 процентті құрап отыр.