​Министр амнистияға ілігетін салық төлеушілердің санын айтты

0
1 252

1 қаңтардан бастап шағын және орта бизнес субъектілері үшін салық амнистиясы жасалып жатыр.


​Министр амнистияға ілігетін салық төлеушілердің санын айтты

ERNUR.KZ. Қазақстанда салық рақымшылығына ілінетін салық төлеушілердің саны 90 мыңнан асады. Бұл туралы бүгін премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп жазады Sputnik Қазақстан .

Ол осы жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта бизнес субъектілері үшін салық амнистиясын жасау шаралары басталғанын атап өтті.

"Алдын ала деректер бойынша амнистия жасауға жататын салық төлеушілердің саны 90 мыңнан асады. Олар 210,7 миллиард теңге мөлшерінде негізгі борышын төлеуі қажет. Осы жағдайда 112,9 миллиард теңге өсімпұл мен 7,3 миллиард теңге айыппұл есептен шығарылады", - деді Смайылов үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, 1 сәуірдегі жағдай бойынша 34 мыңнан астам салық төлеуші жалпы сомасы 7,6 миллиард теңгені құрайтын негізгі борышын өтеген. Енді олардың 1,7 миллиард теңге өсімпұлы мен 0,2 миллиард теңге айыппұлы кешіріледі.

Еске сала кетсек, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың 5 қазанындағы жолдауында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта бизнес үшін салық амнистиясын жүргізуді тапсырған болатын.