Министр ауруханада кезекте тұрғандардан кешірім сұрады

0
1 257

Денсаулық сақтау министрі ұзақ кезекте тұрып, дәрігердің қарауына кіре алмаған халықтан кешірім сұрады.​


Министр ауруханада кезекте тұрғандардан кешірім сұрады

фото: zakon.kz

ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматыдағы И.С.Жекенова атындағы қалалық клиникалық инфекциялық ауруханаға жоспарланбаған тексеріс жасады. Тексеріс барысында ведомства басшысы ұзын сонар кезекке куә болды, деп хабарлайды zakon.kz.

Денсаулық сақтау министрі ұзақ кезекте тұрып, дәрігердің қарауына кіре алмаған халықтан кешірім сұрады.

Министрдің сын ескертпесінен кейін, ауруханаға дереу қосымша медицина қызметкерлері шақырылды, ал шұғыл түрде жеткізілген науқастар кезектен тыс қабылданды.

Министрдің сапары барысында, жұқпалы аурулар бөліміне жедел жәрдем машиналары үздіксіз ауру белгілері бар пациенттерді әкеліп жатты.

Елжан Біртанов журналистерге берген сұхбатында, осындай жайттар ең алдымен жергілікті атқарушы органдардың салғырттығынан болады деді. Нәтижесін көріп тұрғандай, адамдар ұзын сонар кезекте ыстығы көтеріліп тұрса да күтуге мәжбүр. Оған қоса, қажетті ем-домды дәрігерден ала алмайды. Денсаулық сақтау министрі кезекте тұрған адамдардың барлығынан кешірім сұрады және осындай жағдайлардың алдын алу үшін жергілікті билік органдарымен тиісті жұмыс жүргізілетініне уәде берді.

- Менингит жағдайы тұрақты, бүгінгі күні бізде тек нақты екі пациент бар. Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшылары мына у-шуды өздері жасап отыр. Жұқпалы науқастар үшін қосымша қабылдау бөлмелері ашылғанын айтып ақталады. Ал нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар дұрыс жұмыс істемейді. Мен арғы күні оларға өзім хабарласып, қосымша дәрігерлерді шақырып, науқастарға жағдай жасауды талап еттім. Ал бүгін ұзын сонар кезекке куә болып отырмын. Сонда жергілікті органға жұмыс істеу үшін үкіметтің қаулысы керек пе? Жоқ, бұл толығымен бас дәрігердің міндеті. Халықтың алдында ыңғайсызданып тұрмын, кезекте тұрған әрбір азаматтан кешірім сұраймын, - деді министр.

Бір сағатқа жуық уақыт министр халықтың сұрақтарына жауап беріп, шұғыл туындаған мәселелерді шешуге тырысты. Осы уақыт аралығында ауруханаға мекеменің басшылығынан бастап, қызметкерлердің барлығы тартылды.

5 маусым күні Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Талғар қаласының орталық аудандық ауруханасының басшылығымен кездесті, онда менингитпен ауырған бірнеше науқас қайтыс болған. Министрдің айтуынша, кейбір дәрігерлер менингит айналасында қалыптасқан жағдай туралы білмейді. Біртанов әсіресе пациенттермен жұмыс істеудегі нашар қызмет көрсетуді тілге тиек етті.