Министр коронавирусқа байланысты қазақстандықтарға үндеу жолдады

0
1 063

Елжан Біртанов қазақстандықтарға дене қызуы, жөтел және тыныс алудың қиындауы секілді белгілер пайда болса, уақыт созбай дәрігерге қаралуға кеңес берді.


Министр коронавирусқа байланысты қазақстандықтарға үндеу жолдады

ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қазақстандықтардан ауру белгілері байқалса, бірден дәрігерге қаралуды өтінді, деп жазады sputniknews.kz.

"Достар, коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайға байланысты дене қызуы, жөтел және тыныс алудың қиындауы секілді белгілер пайда болса, тұрғылықты мекенжай бойынша өз дәрігеріңізге хабарласуды немесе 103 нөмірі арқылы жедел жәрдем шақыруды сұраймыз. Коронавирус жайлы қосымша ақпаратты нақтылау үшін тәулік бойы жұмыс істейтін 1406 нөміріне – біздің мамандарға қоңырау шалуға болады", - деп жазды министр.

Біртанов Қытаймен мемлекеттік шекарадағы өткізу пунктерінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау күшейгенін атап өтті. Осы жылдың 6 қаңтарынан бері барлығы 20 мыңнан астам адам қаралған.

"Барлық халықаралық өткізу пунктінде тепловизорлар орнатылды. Олар стационарлық, әдетте жолаушыларға байқалмайды. Бірақ әрбір өткен адам сканерленеді. Яғни, егер жолаушының температурасы нормадан жоғары болса, экранда автоматты түрде қызыл белгі шығып, сигнал береді. Маман жолаушыны оқшаулау үшін ақпаратты шекарашыларға жібереді. Одан кейін медициналық кабинеттердегі қызметкерлер жолаушыны тексереді", - деп түсіндірді Біртанов.

Айтуынша, қазір елімізде дене қызуы және өткір респираторлық вирусты инфекция белгілерімен 78 адам арнайы боксқа жатқызылған. Оның 32-і үйіне жіберілді, 46 адам – стационарларда медициналық бақылауда.

"Дәл қазіргі уақытта тіркелген жағдайлардың 99%-і – бұл өткір респираторлық вирусты инфекция, анализ нәтижелерінен кейін белгілі болып отыр", - деп жазды министр.