Министр журналист Михаил Козачковтың оқиғасына қатысты пікір білдірді

0
788

Министр ведомство тергеу барысын қадағалайтынын айтты.


Министр журналист Михаил Козачковтың оқиғасына қатысты пікір білдірді

ERNUR.KZ. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров Алматыда журналист Михаил Козачковпен болған оқиғаға қатысты түсінік берді, деп жазады Tengrinews.kz.

"Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің журналист Михаил Козачковпен болған оқиғаға қатысты ұстанымын түсіндіргім келеді. Біз жағдайды мұқият қадағалап отырмыз. ҚР Конституциясының 20-бабы сөз бостандығына кепілдік беретінін еске саламын. Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпаратты еркін алуға және таратуға құқығы бар", - деп жазды министр өзінің Facebook-тегі парақшасында.
Министр ведомство тергеу барысын қадағалайтынын айтты.
"Әрине, министрлік БАҚ өкіліне, сондай-ақ оның мүлкіне қатысты мұндай заңсыз әрекеттер ақталмайтынына сенімді. Құқық қорғау органдары мұндай әрекеттерге тез арада құқықтық баға береді деп сенемін. Министрлік өз тарапынан журналистке қатысты ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық іс жүргізу заңнамасында берілген мүмкіндіктер шеңберінде тергеу барысын қадағалайды", - деді Омаров.
Бұған дейін Михаил Козачков Facebook-парақшасында оқиғаның мән-жайын бөліскен еді. Оның айтуынша, белгісіз адамдар аулада тұрған көлігіне зақым келтірген.
"Оны тырнап, есігіне балағат сөз жазан, енді есіктері мен қанаттарын бояу керек. Көлік тұрақта, басқа көліктердің жанында тұрды, бірақ оларға ешкім тиіспеген. Сондықтан біреу әдейі кек алды деп қорытынды жасадым. Мен бұл қылмысты кәсіби қызметіммен байланыстырамын, дәлірек айтсақ, полицияның аға қызметкерінің ұлының үйлену тойында түсірілген бейнежазбаны жариялағаныммен байланыстырамын", - деп жазды журналист.
Еске салайық, 1 шілдеде Алматыда полиция бастықтарының бірінің ұлының үйлену тойында түсірілген видеодан кейін қызметтік тексеру басталғаны хабарланған болатын.