Министрлік Қазақстанда Pinterest неге бұғатталғанын түсіндірді

0
540

Pinterest Қазақстандағы ең танымал әлеуметтік желілердің бірі.


Министрлік Қазақстанда Pinterest неге бұғатталғанын түсіндірді

ERNUR.KZ. Қазақстанда Pinterest-ке кіру шектелді. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі танымал сайт неге бұғатталғанын түсіндірді, деп жазады Tengrinews.kz.

"Pinterest сайтына қатысты айтсақ, интернет-ресурсқа кіру Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы және 2020 жылғы 13 қаңтардағы интернет-казино жарнамасына байланысты ұйғарымдары негізінде заңсыз контент сілтемелерін таратқаны үшін шектелгенін хабарлаймыз.
Pinterest.com-ды шектеуге негіз болған барлық материал әлі де тұр, яғни заңбұзушылықтар жойылмады", - деп түсіндірді Ақпарат министрлігіндегілер.

Ведомство өкілдері интернет-ресурсқа заңсыз контентті жою қажет екені туралы хабарлама-хаттар жіберілгенін атап өтті.

Министрлік мәліметінше, Pinterest сервисінің мобильді қосымшасы Қазақстанда штаттық режимде жұмыс істейді. Алайда қолданушылар қосымшаға кіргенде ара-тұра проблемалар болатынын айтады.

Pinterest (Пинтерест) - онлайн режимінде суреттер жүктеуге, оны қандай да бір тақырып бойынша топтамаға салып, бөлісуге мүмкіндік беретін әлеуметтік интернет-сервис, фотохостинг.

Statcounter Global Stats деректері бойынша, Pinterest Қазақстандағы ең танымал әлеуметтік желілердің бірі.