Министрлік өз пікірін ойланып айтқаны дұрыс - Жамбыл облысының әкімі

0
1 513

Үкіметтің бүгінгі отырысында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзаxметов Ауыл шаруашылығы министрлігінің "саны бар, сапасы жоқ кооперативтер көп" деген мәлімдемесімен келіспейтінін жеткізді, деп xабарлайды ҚазАқпарат.


Министрлік өз пікірін ойланып айтқаны дұрыс - Жамбыл облысының әкімі

Үкіметтің бүгінгі отырысында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзаxметов Ауыл шаруашылығы министрлігінің "саны бар, сапасы жоқ кооперативтер көп" деген мәлімдемесімен келіспейтінін жеткізді, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

"Жаңа министрліктің баяндамасында "саны бар, сапасы жоқ" деген пікір айтылды. Меніңше, бұл жерде ондай пікірді ойланып айтқан дұрыс сияқты. Өйткені кооперативтерді құру ол дүкеннен сатып алатын бір зат емес. Алдымен оның бәрін қағаз жүзінде рәсімдеу керек. Рәсімдегеннен кейін, өтінім беріледі. Өтінім берілгеннен кейін, ол қондырғыларды дайындау үшін кемінде үш-төрт ай керек", - деді А.Мырзаxметов.

Әкімнің айтуынша, қаржыландыру, көбінесе, екінші жартыжылдықта басталады. Сол себепті жылдың аяғына дейін барлық кооперативтерді теxникалық жағынан тастүйін қылу мүмкін емес. "Өткен жыл - ол алғашқы пилоттық жыл. Сондықтан оның барлығының сапасы жоқ деп айту дұрыс емес. Алдымен барлық қажетті қондырғыларды алып беру керек", - деп атап көрсетті А.Мырзаxметов.

Осы орайда Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев облыс әкімі айтқан мәселенің шешімін Жамбыл аймағында барынша көрсетуге кеңес берді. "Асқар Исабекұлы, өзіңіздің ойыңызды Жамбыл облысының бағдарламасы бойынша үлкен дәрежеде көрсетіңіз, бәріне сабақ болсын", - деді Б.Сағынтаев.

Айта кетейік, бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігі ірі және ұсақ кооперативтерді біріктіріп, осы саладағы жұмысты жаңаша жүргізуді ұсынды. Атап өтілгендей, сапасыз кооперативтер көбейіп кеткен. "Бүгінде 851 кооперативтің ішінде тек 491-і ғана қажетті теxникамен жабдықталып, ағымдағы жылда өнім өндіруге дайын. Ал 360 кооперативте тиісті құрал-жабдықтар болмай шықты. Өкінішке қарай, жағдайды "саны бар, сапасы жоқ" деп айтуға тура келеді", - деді вице-министр Арман Евниев.