"Miss Qazaqstan 2023" байқауына кастинг наурыз айында жарияланады.
ERNUR.KZ. "Miss Qazaqstan" республикалық арулар байқауының талабы күшейтіледі. Бұл туралы байқау ұйымдастырушылары баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.
"Miss Qazaqstan 2023" байқауына кастинг наурыз айында жарияланады. Кастингке 17 бен 25 жас аралығындағы қыздар қатыса алады. Қойылатын талап: бойы 165-185 см, тұрмысқа шықпаған, сымбатында мін жоқ, ақылына көркі сай болу керек.
Байқау талабы мен талғамы туралы сайтта алдын ала жарияланады. Арулар байқауының талабы биылдан бастап қатаңдатылады. Оған ұйымдастырушылар мен байқаудың 2022 жылғы жеңімпазы Диана Тәшімбетованың арасындағы кикілжің себеп болған.
"Бұл байқау бір күннің, бір айдың еңбегі емес. Қаншама қаражат жұмсалды. Бұған арнайы бөлінген қаражат жоқ. Біз коммерциялық ұйымбыз. Әрине кез келген дүние идеал болмайды. "Әттеген-ай" дегізетін кемшілік болады. Келісімшартта қаталдау болу керек пе еді, әр қызды қадағалау керек пе еді. Бір қыздың таққан айыбы үшін қаншама еңбек жоққа шықты. Биылдан бастап біраз бапты өзгертеміз", - дейді "Miss Qazaqstan" ұлттық арулар байқауының президенті Айдай Исаева.
2022 жылы уақыт тығыз болғандықтан әлемдік деңгейдегі бір байқауға Қазақстан қатыса алмады. Бірақ былтыр жеңімпаз болған ару Қазақстанның атынан 2024 жылы әлемдік байқауға баратын болды. Ал қалған екі жеңімпаз екі әлемдік байқауда биыл бақ сынайды.
"Енді Тәшімбетованың орнына "Miss Qazaqstan – 2022" вице-аруы Томирис Заир "Ғалам аруы - 2024" байқауына барады. Ал осы жылдың мамыр айында "Әлем аруы" байқауында Қазақстанның намысын Томирис Какимова қорғайды. Дильназ Тилаева күзде өтетін әлемдік "Жер аруы 2022" байқауына қатысады. Біз қазіргі күні байқауға барынша дайындалып жатырмыз. Коммерциялық ұйым болғандықтан демеушілер табуымыз керек", - дейді "Miss Qazaqstan" ұлттық арулар байқауының PR директоры Кәмшат Әкімқожақызы.