Біртанов ​менингитке шалдыққан науқастарды бақылауына алды

0
1 332

Еліміз бойынша 60 адамда менингит диагнозы расталды.


Біртанов ​менингитке шалдыққан науқастарды бақылауына алды

11 маусымдағы жағдай бойынша тағы екі адам менингококк инфекциясын жұқтырды. Олардың бірі – бала, ауыр жағдайда жатыр. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, - деп хабарлайды ERNUR.KZ. tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

"Менингит бойынша жағдай тұрақты. Кеше менингит жұқтырды деген күдікпен екі адам ауруханаға жатқызылды. Науқастардың жағдайын өзім жеке бақылап жатырмын. Өмірлеріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Кеше Алматыда ауыр жағдайда бала келіп түсті, бірақ қазір жағдайы тұрақты, диагнозы әлі расталмады", - деді Біртанов.

Министрдің айтуынша, еліміз бойынша 60 адамда менингит диагнозы расталды. Жаңа жағдайлар тіркелген жоқ. Сондай-ақ, қазіргі уақытта 11 адамның расталған диагнозбен ауруханада жатқаны айтылады.

Еске сала кетейік, осыған дейін министрлік өкілдері жағдайдың бақылауында тұрғанын айтқан еді.

Менингококк инфекциясы - бактериялар тудыратын, симптомсыз тасымалдаушылық, назофарингиттан (мұрын және жұтқыншақтың сілемейлі қабығының қабынуы) бастап менингит (ми қабығының қабынуы), менингококк сепсисіне (қанның зақымдануы) дейін әртүрлі клиникалық белгілермен өтетін – жіті инфекциялық ауру екендігін есте сақтау қажет. Инфекция көзі ауру адамдар және "дені сау тасымалдаушылар" болып табылады, яғни қандай да бір клиникалық белілері жоқ, бірақ олар менингококк көзі болып табылатын адамдар. Менингококк инфекциясымен сырқаттанушылық кезеңділігімен сипатталады - қыста және ерте көктемде сырқаттанушылық өте жоғары.