Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, өзге мемлекеттердің бірнеше ғасырлық жолын Қазақстан 28 жыл ішінде өткенін айтты.
ERNUR.KZ. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет Қасым-Жомарт Тоқаев марапаттаған ордендерін тағып шықты, деп жазады sputniknews.kz.
Халық қаһарманы және Еңбек Ері жоғары наградаларын Қасым-Жомарт Тоқаев Назарбаевқа 2019 жылы 20 наурыз күні өткен инаугурация кезінде табыстаған еді.
"Астана Опера" театрында өткен салтанатты концертте Елбасы жастардың тәуелсіз елде өмір сүретінін мақтан тұтатынын айтты.
"1991 жылы 16 желтоқсанда арнайы заң қабылдап, бүкіл әлемге Қазақстанның тәуелсіздігін жарияладық. Біз елдігіміздің жаңа дәуірінің негізін қалап, куәгерлері болдық. Ата-бабаларымыздың сан ғасырлық арманын орындау мәртебесі біздің буынға бұйырғанын мақтан тұтамын", - деді ол.
Салтанатты концертке Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин, министрлер кабинетінің басшысы Асқар Мамин де қатысты.
Қазақстандықтар 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай екі күн демалады.