Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Республикасының Қарулы күштерін құру туралы жарлыққа қол қойған.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Отан қорғаушы күнімен құттықтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Елбасы сайтына сілтеме жасап.
"Құрметті қазақстандықтар!
Баршаңызды Отан қорғаушы күнімен құттықтаймын!
1992 жылы 7 мамырда мен Қазақстан Республикасының Қарулы күштерін құру туралы жарлыққа қол қойдым.
Тәуелсіздік алған сәттен бастап біз еліміздің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қарулы қақтығыстардың алдын алуға, Қарулы күштерді дамыту мәселелеріне әрдайым ерекше мән бердік.
Қуатты және қабілетті армия – егемен елдің маңызды атрибутының бірі.
Қазақстан армиясы заман талабына сай қару-жарақпен жабдықталған. Тұрақты түрде оқу-жаттығу ұйымдастырылып отырады. Әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдауға ерекше көңіл бөліп келеміз.
Әскерилер бейбіт заманға лайық ерлік танытып, алдына қойылған барлық міндетті абыроймен атқаруда. Қазіргі таңда олардың көбі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп, пандемияға қарсы іс-шаралардың алдыңғы шебінде коронавирус індетімен күресіп жүр.
Қадірлі Отан қорғаушылар, туған өлкенің тыныштығын абыроймен күзетіңіздер. Жауапкершілік, әділдік пен партиотизмнің жарқын үлгісін көрсете беріңіздер.
Біздің ортақ борышымыз – халқымыздың басты құндылықтары болып саналатын бірлікті, тәуелсіздік пен тұрақтылықты көздің қарашығындай сақтау.
Мерейлі мереке құтты болсын, ардақты отандастар!
Баршаңызға зор денсаулық, күш-қайрат пен бақ-береке тілеймін!" - деген өзінің құттықтауында Нұрсұлтан Назарбаев.