Зауыт құрылысына 49 млн доллар жұмсау көзделген.
ERNUR.KZ. Ауыл шаруашылығы министрлігі трансұлттық компаниялардың қатысуымен құны 2,3 млрд долларды құрайтын агроөнеркәсіп кешені саласындағы 10 ірі инвестициялық жобаны іске асыру мәселесін пысықтап жатыр, деп жазады inbusiness.kz.
"Tyson Foods компаниясы құны 300 млн долларды құрайтын ет өңдеу зауытын салуды көздейді. Valmont компаниясы құны 50 млн долларды құрайтын жаңбырлатқыш машина шығаратын зауыт салу жобасын жүзеге асырып жатыр", – деді Ербол Қарашөкеев.
Ауыл шаруашылығы министрінің мәлімдеуінше, KS Genetics компаниясы Алматы облысында толық циклді, инновациялық, экспортқа бағдарланған мал шаруашылығы кешенін құру жобасына кіріспекші. Зауыт құрылысына 49 млн доллар жұмсау көзделген.
"INOKS компаниясы Алматы облысында аумағы 1 мың гектар болатын жерде қарқынды бақ отырғызу және сыйымдылығы 7 900 тоннаны құрайтын жеміс сақтау қоймасы мен жеміс өңдеу цехының құрылысын бастамақшы. Жобаның жалпы құны 81,5 млн доллар", – деді Ербол Қарашөкеев.
Оның айтуынша, голландиялық Farm Frites компаниясы Жамбыл облысында 145 млн долларға фри картобын өндіретін зауыт салғысы келеді. Ал QazSugar компаниясы Жамбыл облысында 220 млн долларға қант өндіретін зауыт тұрғызбақшы.
"Ресейлік "Экокультура" агроөнеркәсіптік холдингі 1,3 млрд доллар қаржы құйып, Түркістан облысында жалпы ауданы 500 гектарды құрайтын жылыжай кешенінің құрылысын іске асырып жатыр. Fruit Art компаниясы Алматы облысында сублимация зауытын, жеміс сақтау орнын, жылыжай комбинатын және плантация салу жобасын іске асыруды жоспарлап қойды. Жобаның жлпы құны 77 млн доллар. Түркиялық Goknur Gida компаниясы 98 млн долларға Жамбыл облысында аумағы 5 мың гектарды құрайтын қарқынды бақ отырғызғысы және жеміс өңдеу цехын салғысы келеді. Германиялық Baumann компаниясы Алматы облысында 31,2 млн долларға қой етін өңдеу зауытын салып жатыр", – деді Ербол Қарашөкеев.