"Ақындарымыз қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық айтуы тиіс", - деді Бауыржан Байбек
ERNUR.KZ. «Nur Otan» партиясы айтысты қайта қолға алады. Бұл туралы Қызылорда облысына сапары барысында өңірдің белсенді жастарымен арнайы кездескен «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
Партия баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, еркін форматта өткен кездесуде саяси ұйым тарапынан жастарға қолдау көрсету жұмыстары күшейтілетіндігі айтылды.
«Кез келген партия өзінің болашағы үшін сабақтастық дәстүрін қалыптастыру керек. Сондықтан Елбасымыз біздің алдымызға жастармен жұмысты күшейтуді міндет етіп қойып отыр. Соған орай біз өз жұмысымызға жастарды көптеп жұмылдырып, олардың қалыптасып, өсуіне жол ашамыз», - деген партия төрағасының бірінші орынбасары Мемлекет басшысы айтқан жас мамандар резервін жасақтауға партия белсене қатысатынын тілге тиек етті.
Сондай-ақ Бауыржан Байбек қазіргі жаһандану жағдайында әрбір ұлт өзін сақтап қалу үшін күресіп жатқанына және бұл ретте біздің жастарға үлкен міндет жүктеліп отырғанына назар аударды.
«Біз тәуелсіздік алған кезде болашағымызға сенімсіздікпен қарағандар болды. Елбасының дана саясатының арқасында біз мемлекет құрып, бүкіл әлемге өзіміздің ел бола алатынымызды дәлелдедік. Енді осы елдігімізді күшейтіп, өз құндылықтарымыздың аясын кеңейтуіміз керек. Ана тіліміз бен тарихымызды дәріптеп, әлемдік деңгейге алып шығу біздің міндетіміз. Осы ретте жастарымыз белсенділік танытуы тиіс», - деді ол.
Осыған орай белгілі айтыскер ақын Мұхтар Ниязов төл өнерімізді қолдап, айтысты қайта жандандыру жайында өз ұсынысын білдірді. Мұндай ұсынысты ризашылықпен қабыл алатынын айтқан Бауыржан Байбек партияның алдағы уақытта айтысты қолға алып, оның дамуына жағдай жасайтынын айтты.
«Партияның қолдауымен енді ай сайын әр өңірде айтыс ұйымдастырылады. Оның алғашқысы күзде Алматыда өтеді. Ақындарымыз қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық айтуы тиіс. Бірақ барлығы конструктивті болуы қажет», - деді Бауыржан Байбек.
Сонымен қатар ол жастарымыздың әлемдік экономика мен саясатты меңгеруге ұмтылуы керектігін сөз етті.
Оның айтуынша, жас қазақстандықтар экономиканың негізгі басымдықтарын қазақ тілінде сөйлетіп, осы саладағы әлемдік үдерістердің қыр-сырын үйренуге талпынуы тиіс.
Мұнан бөлек, қызылордалық жастар өскелең ұрпақ арасында қаржылық сауаттылықты күшейту, кәсіпкерлікті үйрету, тәрбиелік бағыттағы отандық мультипликацияны дамыту сияқты маңызды мәселелерге қатысты нақты ұсыныстарын жеткізді.
Сөз соңында партия төрағасының бірінші орынбасары жастарды масылдыққа бой алдырмай, көздеген мақсатқа жету жолында аянбай еңбек ету керектігін айтып, өскелең ұрпақты Елбасының ұлағатты өмір жолынан үлгі алуға шақырды.