Қызылордалық көпбалалы әке елордада құрылысшы болып істейді.
ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан қаласындағы көпқабатты тұрғын үйдің сегізінші қабатында ілініп тұрған үш жастағы бүлдіршінді құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаевқа қайырымдылықпен пәтер алып беру ұсынылып жатыр. Бұл туралы блогер Дәулет Мұқаев айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Үш жасар қызды құтқарған Сәбит Шонтақбаев – төрт баланың әкесі, өзі астанада құрылыста жұмыс істейді. Туған жері – Қызылорда облысы Жалағаш ауданы. Бүгінде отбасы Қызылордада жалдамалы пәтерде тұрады. Өз үйлері жоқ», - деп жазды Дәулет.
Сондай-ақ Сәбитпен кездескен Батыр есімді блогер оның несиелік қарызы бар екенін жазып, оқырмандарына қайырымдылыққа қаражат жинауды ұсынған.
«Сәбит 15 күн бұрын ғана жұмыс іздеп астанаға келген. Келіншегі, бала-шағасы Қызылордада қалған. Төрт баласы бар. Басында баспанасы жоқ. Осында жігіттермен пәтер жалдап тұрып жатыр. «Каспи» картасы бұғатта жатыр, 450 мың қарызы бар екен. Жинап береміз бе?», - деп жазды ол.
Айта кетсек, бүгін Нұр-Сұлтанда Ұлы дала көшесіндегі тұрғын үйдің 9-қабатының терезесіне шығып алған баланы көршісі құтқарып қалғаны туралы жазған болатынбыз. Үш жасар қыз сегізінші қабаттың балконында жарты сағаттай ілініп тұрған.