Форумға онлайн режимде 1000-ға жуық діни қызметшілер қатысты.
ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтанда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерейтойына орай «Ислам – мәдениет пен ізгіліктің бастауы» тақырыбында IV республикалық имамдар форумы өтті, деп жазады Елорда Инфо.
Форумға ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі А.Балаева, ҚМДБ Бас мүфтиі Н.Өтпенов, мемлекет және қоғам қайраткерлері, діни басқарманың өңірлердегі бас имамдары, сондай-ақ онлайн режимде 1000-ға жуық діни қызметшілер қатысты.
Іс-шараның мақсаты – мұсылман қауымы арасында ұлттық рухани дәстүрлерге негізделген діни рәсімдер мен жоралардың мәдениетін қалыптастыру және зияткер имам мәртебесіне лайықты діни қызметшілерді іріктейтін құжаттарды қабылдау.
Форумда ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың құттықтау сөзі LED экранда бейне жазбада берілді. Мемлекет басшысы ең алдымен Форум қатысушыларын ҚМДБ 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, IV республикалық имамдар форумы Мүфтияттың ұйымдастырушылық қызметін жаңа белеске көтеріп, рухани бастамаларға тың серпін беретінін атап өтті және форум жұмысына сәттілік тіледі.
Форумда ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаев ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойына жолдаған құттықтау сөзін оқыды.
Елбасы Форумның жыл сайын өткізілуі қоғамда жақсы дәстүрге айналып келе жатқанына ерекше мән беріп, мемлекет тарапынан әрқашанда дін саласына ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді.
ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаев Тәуелсіздік күні қарсаңында өткізіліп жатқан имамдар форумы ҚМДБ қызметін жаңа белеске көтеріп, өңірлерде діни рәсімдерді реттеуге септігін тигізетіндігін мәлімдеді. Сонымен қатар, мемлекеттің дін саласындағы саясатын көркейтуге қомақты үлес қосып жүрген ҚМДБ-ның бірқатар мешіт имамдарын Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың атынан алғыс хат және медальдармен марапаттады.
Форумның қорытындысы бойынша «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат ету мәдениеті», «Зияткер имам» құжаттары қабылданды. Бұл құжаттар – жұртшылық арасында орындалатын діни рәсімдерді бірізділікке келтіруге және зияткер имам мәртебесін беруге лайықты діни қызметшілерді іріктеуге оң ықпалын тигізеді деп күтілуде.