Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады

0
1 012

Елбасы тәуелсіздігімізді қорғай алатын қуатты да айбынды армиямыз барын айтты.


Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қазақстандықтарды Отан қорғаушы күнімен құттықтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ elbasy.kz сайтына сілтеме жасап.

«Құрметті қазақстандықтар! Баршаңызды Отан қорғаушы күнімен құттықтаймын! Тәуелсіздік жылдарында еліміздің қарулы күштері мемлекетіміздің тұрақтылығының, аумақтық тұтастығы мен әскери қауіпсіздігінің кепілі болды. Біз әрдайым армияны дамытуға, оның қорғаныс қабілетін арттыруға, әскерилерді жан-жақты қолдауға баса көңіл бөлдік. Соның арқасында Қазақстан әскерінің сапында болу рухы мықты адамдардың мәртебелі әрі жауапты міндетіне айналды. Бүгінде Отан алдындағы борышты өтеу мен адал қызмет ету –абыройлы іс. Әскери форма киген адам жауапкершілігі жоғары, нағыз патриот болып саналады» делінген құттықтау хатында.

Сондай-ақ, Елбасы тәуелсіздігімізді қорғай алатын қуатты да айбынды армиямыз барын атап өтті.

«Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойған күннен бастап тиімді қауіпсіздік жүйесін құрғанға дейінгі аралықта еліміз ауқымды жолдан өтті. Бүгінде біздің ең басты құндылығымыз – тәуелсіздігімізді қорғай алатын қуатты да айбынды армиямыз бар. Отан қорғаушыларды және барлық қазақстандықтарды осы мерекемен құттықтаймын! Баршаңызға мықты денсаулық, тыныштық пен бақ-береке тілеймін!» - деп түйді сөзін Тұңғыш Президент.