Менің өзім де домна пеші басындағы еңбекте шыңдалып, тәжірибе жинақтадым - Назарбаев.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев металлургия саласының қызметкерлерін кәсібт мерекесімен құттықтады, - деп хабарлайды ERNUR.KZ elbasy.kz сайтына сілтеме жасап.
"Құрметті металлургия саласының еңбеккерлері мен ардагерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Металлург күнімен құттықтаймын!
Осы атаулы күні біз металлургтарға – ерлік пен зор қайрат-жігерді талап ететін мамандық иелеріне, өздерінің абыройлы да ауыр жұмысына берілген еңбексүйгіш жандарға сый-құрмет көрсетеміз.
Менің өзім де домна пеші басындағы еңбекте шыңдалып, тәжірибе жинақтадым. Жұмылған жұдырықтай ұйымшылдықтың, өзара көмек пен нағыз достықтың шын бағасын білдім.
Металлургия – қазақстандық өнеркәсіптің жетекші саласының бірі, онда мыңдаған жоғары білікті мамандар мен басқарушылар еңбек етеді. Олардың қажырлы еңбегі мен асқан шеберлігі еліміздің экономикалық әл-ауқатының берік негізінің бірі болып отыр.
Сіздер алдағы уақытта да Қазақстанның игілігі жолындағы өз жұмыстарыңыздың барысында кәсіби жаңа биіктерді бағындыра бересіздер деп сенемін.
Баршаңызға мықты денсаулық, табыс, бақ-береке тілеймін!", - делінген құттықтауда.