"Оқ атуға мәжбүр болды": Нұр-Сұлтанда полицейлер ұрыны қуып жүріп ұстады – видео

0
1 921

Қуғын кезінде құқық бұзушы жол бойында тұрған бірнеше көлікті соғып кетті. Барлығы тоғыз көлікке зақым келді.


ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан полициясы автокөлік ұрлады деген күдіктіні ұстау операциясы жайлы толығырақ айтып берді, деп жазады sputnik.kz.

Полиция билік өкілдерінің заңды талаптарын елемеген күдіктіні тоқтату үшін табельдік қару қолдануға мәжбүр болды, деп хабарлады Нұр-Сұлтан полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар барлық қажетті қауіпсіздік шарасы сақталғаны айтылды.

"Көлік ұрысы жолдың қарсы бетіне шығып, жол бойында тұрған бірнеше көлікті соғып кеткен соң, полицейлер ауаға ескерту оғын атып, көліктің дөңгелегін көздеді. Осыдан кейін көлік тоқтатылды. 22 жастағы жігіт ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды",- деді департамент.

Құқық бұзушының іс-әрекетінен барлығы тоғыз көлік зақымданған. Көлік иелері мен материалдық шығын көлемі анықталып жатыр, тергеу жүргізілуде.

Құқық бұзушыға көлікті айдап әкетуден басқа Қылмыстық кодекстің 380-бабының үшінші бөлігі бойынша іс қозғалды. Ол билік өкіліне күш қолданғаны үшін 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Еске сала кетейік, 25 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда жаппай қуғын болды. 102 пультіне Қарағанды облысының Жаңаарқа елді мекенінде Mitsubishi автокөлігі ұрланғаны туралы хабарлама түсті. Полицейлер көлікті Нұр-Сұлтаннан тапты.

"Автокөлік патрульдеріне дереу күдіктіні ұстау туралы ақпарат берілді. Жүргізуші жол қозғалысы ережесін өрескел бұзып, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіре отырып, полицейлердің тоқта деген заңды талабын орындамады", - деп хабарлады полиция.

Құқық бұзушы Тәшенов көшесінде ұсталды.

Бірнеше полиция жасағы жолды жауып тастады. Алайда жүргізуші тоқтамай, артқа жүріп полиция қызметкерін қағып кеткен. Зардап шеккен полиция қызметкері ауруханаға жатқызылды.