Онлайн оқу кезінде оқушыға үй тапсырмасы берілмейді

0
1 326

Алматыда 7 мың балаға үйде білім алу үшін техникалар берілген.


Онлайн оқу кезінде оқушыға үй тапсырмасы берілмейді
ERNUR.KZ. Оқушыларға жаңа оқу жылынан бастап онлайн білім алу кезінде үйге тапсырма берілмейді. Мұғалімдер мен оқушылар бұл жүктемені негізгі сабақ барысында атқаруы тиіс. Бұл туралы Алматыда өткен онлайн брифингте айтылды, деп жазады Azattyq Rýhy.
Мамандар жаңа оқу жылында мектептерде оқу процесін ұйымдастыру, білім беру платформаларымен және контентпен жұмыс істеу туралы айтты. Алматы қаласы білім Басқармасы Жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Ақмарал Айтуарованың ақпаратына қарағанда, дәстүрлі тамыз конференциясында мектеп директорларына үй тапсырмасы туралы нұсқаулар берілді.

«Үй тапсырмасы мүлдем берілмейді деген сөз жоқ. Көлемі мейілінше шектеледі. Тапсырмаларды көбіне сабақ кезінде орындауға мүмкіндік қарастырған жөн. Бұл қазіргідей онлайн кезінде, байланыс құралдары мен білім платформалары толық жетілмей тұрған кезде оқушы үшін де, мұғалім үшін де тиімді деп шештік»,- дейді А. Айтуарова.

Биылғы жаңа оқу жылында Алматыда 300 мыңнан астам оқушы мектеп партасына отырды. Қалалық білім берудегі жаңа технологиялар ғылыми-әдістемелік Орталығының директоры Андрей Дупиктің айтуынша дербес компьютер, планшет және ноутбук тапшылығы біртіндеп шешіледі. Тамыз айының аяғында қалада 77 268 оқушы компьютер тапшылығын сезінетіні белгілі болған. Оқу жылы басталған екі күнде мектеп қорынан 7 мың балаға үйде білім алу үшін техникалар берілген.

«Компьютер жетіспеушілігі бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы күнге дейін Білім басқармасы 19 мың ноутбукті тегін таратты. Оны біртіндеп шешеміз. Ал білім алу платформалары бойынша «Күнделік» және «Bilimland» қолданыла береді. Бірақ WhatsApp, Zoom, Телеграм мессенджерлері арқылы білім алғысы келетіндерге шектеу жоқ. Бірақ мүмкіндік болса, Білім және ғылым министрлігі ұсынған платформаларды игеріп, білім алған жөн»,- дейді орталық жетекшісі.

Айта кету керек Алматыда жаңа оқу жылы басталғанда 42 мың баланың үйіне интернет қосылмаған болатын. Қалалық Білім басқармасы бюджет есебінен алынған 20 мыңға жуық ноутбукке екі айға жететін тегін интернеті бар SIM-карталарды да үлестірген. Десе де тағы 22 мың оқушының жағдайын шешу үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр, деді брифингте басқарма өкілдері.