Оңтүстік Кореяда сотталған қазақстандықтың жазасын өтеу мерзімі қысқартылды

0
704

Жазаны өтеу мерзімі ұсталған сәттен, яғни 2019 жылдың 14 қазанынан бастап есептеледі.


Оңтүстік Кореяда сотталған қазақстандықтың жазасын өтеу мерзімі қысқартылды

ERNUR.KZ. 2020 жылдың 26 наурызында Чангвон қаласында Қазақстан азаматы Сырым Шәрібекке қатысты іс бойынша апелляциялық соттың қорытынды отырысы өтті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Сот отырысына қазақстандық дипломаттар да қатысты. Кореядағы ҚР елшілігінің қолдауымен аудармашы қызметі ақысыз негізде ұсынылды. Тыңдау барысында сот бұрын шығарылған үкімді (2 жыл 6 ай) тым қатаң деп санап, бас бостандығынан айыру мерзімін түзеу жұмыстарымен қоса алғанда 2 жылға дейін қысқарту туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, қорғау тарапының Корея Республикасының Жоғарғы Сотына 7 күн ішінде аппеляцияға беру құқығы бар. Аталған уақыт бойы С. Шәрібек тергеу изоляторында болады. Ал апелляция болмаған жағдайда Чангвон қаласының түрмесіне ауыстырылады», - деп хабарлады ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Жазаны өтеу мерзімі ұсталған сәттен, яғни 2019 жылдың 14 қазанынан бастап есептеледі. Осылайша, жазаның жалпы мерзімі 1 жыл 6 айды құрайды.

«Біздің отандасымыздың жағдайы жақсы, оның ешқандай шағымы жоқ», - дейді Айбек Смадияров.

Еске сала кетсек осы жылдың басында Оңтүстік Кореяда баланы қағып кеткен қазақстандық Сырым Шәрібек екі жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айырылған болатын.