Опырылған еденмен бірге құлаған: Тараздағы жарылыс кезінде намаз оқып тұрған қыз аман қалды

0
1 674

Ауруханада жатқан Сағымбеков мен Арапбек Айжанның жағдайы әлі де ауыр.


Опырылған еденмен бірге құлаған: Тараздағы жарылыс кезінде намаз оқып тұрған қыз аман қалды

ERNUR.KZ. Таразда күні кеше таңғы уақытта тұрғын үйлердің бірінде жарылыс болған еді. Салдарынан 3 адам көз жұмып, тағы алты адам зардап шеккен. Тосыннан болған жарылыс кезінде сол үйдегі пәтерлердің бірінде тұратын қыз таң намазын оқып жатқан екен. Ол Құдайдың құдіретімен аман қалды, деп жазады Stan.kz.

Жарылыс болған кезде намаз оқып жатқан қыздың қалай аман қалғаны туралы журналист Көсемәлі Сәттібайұлы Facebook желісінде жазды. Айтуынша, жарылыс салдарынан пәтердің едені опырылып кеткен кезде, құлшылығын жасап жатқан қыз төменге құлап кеткен. Ол жоғарыдан құлағанына қарамастан ғажайып жағдайда аман қалды. Тек аяғы сынған екен.

“Жарылыс болған көпқабатты үйдегі қираған пәтердің бірін жалға алған қыз үйреншікті әдетімен таң намазын оқып тұрыпты. Күтпеген жерден болған жарылыстың салдарынан пәтерінің едені опырылып, төмен қарай құлағанда намазхан қыз да қирандылармен бірге астыңғы қабатқа бір-ақ бұрқ ете түскен ғой. Құдайдың құдіреті, аман қалыпты, тек аяғы сынған дейді”, – деп жазды журналист.

Еске сала кетсек, кеше таңертең Тараздағы көпқабатты үйде жарылыс болғанын хабарлаған едік.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгінде жарылыстан зардап шеккен 4 адам ауруханада жатыр.

«27 ақпанда сағат 16:00-де Остапенко Л. өкше сүйегінің сынуы диагнозымен ауруханаға жатқызылды. Жағдайы орташа ауыр», – делінеді хабарламада.

Сондай-ақ, ауруханада жатқан Сағымбеков мен Арапбек Айжанның жағдайы әлі де ауыр. Ал Сағымбек Аяжан мен Остапкеноның жағдайын дәрігерлер орташа ауыр деп бағалап отыр.

Зардап шеккендерге толыққанды ем жүргізіліп, қажетті дәрі-дәрмек берілуде.