Бүгін азаматтық қорғау органдарының құрылғанына 28 жыл толды.
ERNUR.KZ. 2027 жылға дейін елдегі табиғат қорғау және орман мекемелері өртке қарсы 100% жарақтандырылады. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов айтты, деп жазады inform.kz.
«Қауіпсіздік Кеңесімен, Үкімет аппаратымен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп өртке ден қою алгоритмі әзірленді. Жаһандық және өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимыл жоспары, Азаматтық қорғау саласындағы 2023-2027 жылдарға арналған бірінші кезектегі шаралардың кешенді жоспары бекітілді. Оның шеңберінде табиғат қорғау және орман мекемелерінің жарақтандырылуы 100%-ға, ТЖМ-95% - ға дейін материалдық-техникалық түрде нығайту жоспарланып отыр», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ Экология және табиғи ресурстар министрлігімен келісім бекітілді. Оған сәйкес орман өртінің туындағаны туралы алғашқы хабарлама бойынша жақын маңдағы өрт сөндіру бөлімшесінің кезекші қарауылын жедел жөнелту қарастырылған.
Орман өрттерімен қатар министрлік маусымдық төтенше жағдайлардың алдын алуға да ерекше назар аударады. Су тасқынына қарсы іс-шаралардың жол карталарын іске асыру, сел, көшкін және қар көшкіні қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2020-2024 жылдарға арналған кешенді жоспары тиімділігін көрсетіп жатыр.
«Маусымдық төтенше жағдайлардың туындау сын-қатері жыл сайын Үкіметтің, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның, облыстық және аудандық комиссиялардың отырыстарында қаралады. Практикалық дағдылар жыл сайынғы оқулар мен командалық-штабтық жаттығулар аясында пысықталады», - деді С.Шәріпханов.
Айта кетейік, бүгін азаматтық қорғау органдарының құрылғанына 28 жыл толды. Елімізде 27 мыңнан астам құтқарушы жұмыс істеп жүр.