Өскеменде ер адам оқушы қызға шабуыл жасады

0
528

Ер адам оқушы қызды қуып жетіп, мойнына лентаны салған.


Өскеменде ер адам оқушы қызға шабуыл жасады

ERNUR.KZ. Өскеменде бірнеше рет сотталған жергілікті тұрғын екі мың теңгені көздеп, оқушы қызға шабуыл жасаған. Бұл туралы сот материалдарында айтылады, деп жазады Tengrinews.kz.

Оқиға былтыр мамырдың аяғында болған. Алайда оқиғаның мән-жайы енді ғана белгілі болды.

Сол күні қыз кеш қайтқан. Қараңғы аллеяда жалғыз келе жатқан оқушы қыз жақындап келе жатқан аяқ дыбысын естиді. Бұрылғанда, қуып келе жатқан ер адамды көрген. Қолында лента болған.

Ер адам оқушы қызды қуып жетіп, мойнына лентаны салған. Бірақ қыз қолын қойып үлгеріп, лентаны жұлып алған.

Сол кезде қаскүнем жәбірленушінің бетінен ұрып, оны құлатып, басынан ұра бастаған. Мектеп оқушысы айқайлап, қарсыласқан.

Қызға сол маңда жүрген бірнеше адам көмектескен. Олар айғайды естіп, жүгіріп келген. Ал ер адам оқушы қыздың сөмкесін ала қашқан.

Кейін куәгерлер полицияға шабуылшыны жағалауда көргенін айтқан. Ол сөмкеден 2000 теңгені алып, қалғанын суға лақтырып жіберген. Біраз уақыттан кейін тәртіп сақшылары шабуыл жасаған адамды Белоусовка ауылынан тапқан. Оның кінәсі саусақ ізін зерттеу нәтижесінде расталған.

Сот қарақшылық шабуыл жасаған қылмыскерді бес жылға бас бостандығынан айырған. Сонымен қатар, ол жәбірленушіге моральдық және материалдық шығын үшін жарты миллионнан аса өтемақы төлеуі тиіс.