Өскеменде полицейлер 34 жастағы жігітті ұстады.
ERNUR.KZ. Өскеменде коронавирусқа қарсы ПТР тест қорытындысын қолдан жасап сатпақ болған 34 жастағы тұрғын интернетке таратқан хабарландыру арқылы анықталып, ұсталды, деп жазады Stan.kz.
Оқиғаның мән-жайын ішкі істер министрлігінің баспасөз өкілі Шұғыла Тұрлыбектің ведомствоның ақпарат алаңында өткен онлайн брифингіде айтып берді.
"Өскеменде полицейлер коронавирус жұқтырмағаны туралы ПТР тест анықтамасын ешқандай зертханалық талдаусыз-ақ рәсімдеп беретінін жарнамалап, хабарлама таратқан 34 жастағы жігітті ұстады. Бұл қызметі үшін ол 15 мың теңге сұраған. Қазір алаяқтық фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабымен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Бұл бап бойынша екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған", – дейді министрліктің баспасөз өкілі.
Шұғыла Тұрлыбек келтірген деректерге сүйенсек, бұл – Шығыс Қазақстанда тіркеліп отырған алғашқы жайт емес. Бұған дейін Семейде 15 мың теңгеге вакцина паспортын сатқан медицина мамандары ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.