Ол бес жылға бас бостандығынан айырылды.
ERNUR.KZ. Өскемендік келіншек өзге біреудің мейрамханасын 135,5 миллион теңгеге сатып жіберген, деп жазады aikyn.kz.
Осыдан үш жыл бұрын 17 қаңтар күні кәсіпкер өскемендік келіншекті қылмыстық жауапкершілікке тарту жайында полицияға шағым түсірген. Оның сөзінше, әлгі келіншек Өскеменде өзінің мейрамханасы барын әрі қожайыны екеніне сендірген. Содан бизнесін сататынын сылтауратып, кәсіпкердің 135, 5 миллион теңгесін иемденіп кеткен.
Сол кезде қылмыстық іс қозғалғанымен, нақты дәлелдің болмауынан тергеу тоқтатылмақ болған. Алайда, қайта шағым түскен соң, бұл іс – Меншікке қарсы қылмыстарды тергеу департаментіндегі тергеу дирекциясының аға тергеушісіне тапсырылды. Сотқа дейінгі тергеу әрекеттері кешенді жүргізілудің арқасында күдіктінің кінәсін дәлелдейтін бұлтартпас айғақ табылды. Сонымен келіншек ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін (Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы) айыпталды.
Өскемен қаласының №2 соты мен апелляциялық сот айыпталушыны кінәлі деп танып, бес жылға соттады.