Өскеменге қатынайтын әуе және теміржол рейстері қысқарады

0
750

Тоғжанов ШҚО-дағы эпидемиологиялық жағдайды 10 күн ішінде тұрақтандыруды тапсырды.


Өскеменге қатынайтын әуе және теміржол рейстері қысқарады

ERNUR.KZ. ВАК төрағасы – вице-премьер Ералы Тоғжанов коронавирус эпидемиясы қайта өршіген Шығыс Қазақстан облысына барды. Вице-премьер өңірдегі эпидемиологиялық ахуал бойынша жедел кеңес өткізіп, облыс әкімі Даниал Ахметовтің қабылданып жатқан шаралар жөніндегі есебін тыңдады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Кеңес қорытындысы бойынша Ералы Тоғжанов облыс әкімдігіне он күн мерзім ішінде өңірдегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру бойынша түбегейлі шараларды қабылдауды, Денсаулық сақтау министрлігіне консультативтік-әдістемелік көмек көрсету үшін жоғары білікті мамандарды өңірге жіберуді тапсырды.

Облыстағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында Ведомствоаралық комиссияның төрағасы бірқатар шектеу шараларын енгізуді тапсырды. Нақтырақ, 2020 жылдың 2 қарашасынан бастап Өскемен қаласына кіру және шығу бойынша әуе қозғалысын азайту:

Нұр-Сұлтан қаласына/нан — аптасына 17-ден 7 рейске дейін;
Алматы қаласына/нан — аптасына 14-тен 7 рейске дейін;
Шымкент қаласына/нан — аптасына 2-ден 1 рейске дейін.

Одан бөлек:

  • 2020 жылдың 2 қарашасынан бастап Нұр-Сұлтан – Өскемен бағыты бойынша теміржол қатынасын аптасына 3-тен 1-ге дейін, Алматы – Өскемен бағыты бойынша аптасына 7-ден 3-ке дейін қысқарту;
  • жолаушылардың Шығыс Қазақстан облысынан әуе және темір жол көлігімен шығуы үшін COVID-19 теріс нәтижесі бар ПТР тестілеуінен өткендігі туралы анықтаманың міндетті түрде болуы қамтамасыз етілуін (берілген күнінен бастап 3 тәуліктен аспайтын);
  • транзитпен өтетін теміржол құрамдарының облыс ішінде тоқтауына тыйым салу; санитарлық бекеттерді орната отырып, Шығыс Қазақстан облысына кіруді және шығуды шектеу;
  • облыстың басқа қалалары/аудандары арасында халықтың қозғалысын сақтай отырып, Өскемен қаласының аумағына кіруге және шығуға тыйым салынуын;
  • демалыс және мереке күндері шектеу шараларын күшейту; халық арасындағы байланыстарды азайту мақсатында қоғамдық көліктің қатынау санын ұлғайту;
  • қызметкерлердің кемінде 80%-ын қашықтағы жұмыс форматына ауыстыруды қамтамасыз ету; офлайн форматта жиналыстарды өткізуге тыйым салу;
  • кіреберістерде, лифтілерде, автотұрақтарда және балалар ойнайтын алаңдарда, азық-түлік базарларында және т. б. жерлерде дезинфекция жүргізуді қамтамасыз ету;
  • вахталық әдіспен жұмыс істейтін жұмыскерлердің (вахтаға кіру және шығу кезінде) толық көлемде ПТР тексерілуін қамтамасыз ету;
  • әуежайларға, теміржол вокзалдарына күтіп алушылар мен шығарып салушылардың кіруіне тыйым салу (қолында билеті болған жағдайда ғана өткізу);
  • адамдар көп жиналатын орындарға ерекше назар аудара отырып, мониторингтік топтардың карантин режимін сақтау жөніндегі жұмысын күшейту;
  • карантин режимін сақтау қажеттілігі туралы халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту жөнінде шараларды қабылдау.