Осы жылдың соңына дейін ауылдарда 500 үйірме ашылады

0
667

Бүгінгі таңда ауылдарда барлығы 12 000 шығармашылық үйірме жұмыс істейді.


Осы жылдың соңына дейін ауылдарда 500 үйірме ашылады

ERNUR.KZ. Үкімет отырысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ауылдық жерлерде осы жылдың соңына дейін 500 үйірме ашылатынын айтты, деп жазады baq.kz.

Министрдің сөзінше, бүгінгі күні республиканың ауылдық жерлерінде 6 мыңнан астам мәдениет ұйымдары жұмыс істейді.

Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасы шеңберінде 2025 жылға дейін 748 инфрақұрылымдық жоба іске асырылады, оның ішінде 180 мәдениет нысанының құрылыс және 568 нысанына жөндеу жүргізіледі, - деді ол.

Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл уақыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасы шеңберінде балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында Министрлік «балалар үйірмелерінің», қызметін жаңарту бойынша, оның ішінде ауылдық елді мекендерде белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.

Бүгінгі таңда ауылдарда барлығы 12 000 шығармашылық үйірме жұмыс істейді, оның ішінде балалар мен жасөспірімдерге арналған 9 000 үйірме, онда 115 200 бала шұғылданып келеді.

Қосымша шығармашылық үйірмелер ашу және балалар мен жасөспірімдердің сапалы бос уақытын ұйымдастыру мақсатында, ауылда 2021 жылы алғаш рет мемлекеттік шығармашылық тапсырыс енгізілді. 2025 жылға дейін республика бойынша қосымша 1600 үйірме ашылады. Осы жылдың соңына дейін 500 үйірме ашылады, - деп түсіндірді Ақтоты Райымқұлова.

Нәтижесінде қосымша 42 мың бала мемлекеттік шығармашылық тапсырыспен қамтылады және балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелер саны 10 600-ге жетеді.