Отбасы банкінің басшысы мемлекет жалдамалы пәтер ақысын қашан беретінін айтты

0
636

​Жақында жалдамалы пәтер ақысының жартысын мемлекет тарапынан өтеу бағдарламасы іске қосылды.


Отбасы банкінің басшысы мемлекет жалдамалы пәтер ақысын қашан беретінін айтты

ERNUR.KZ. "Отбасы банк" АҚ басқарма төрағасы Ляззат Ибрагимова жалдамалы пәтер ақысының жартысы қай кезден бастап бюджеттен өтелетінін айтты , деп жазады sputnik.kz.

Жақында жалдамалы пәтер ақысының жартысын мемлекет тарапынан өтеу бағдарламасы іске қосылды. Ал Отбасы банкі негізгі операторы ретінде бекітілді. Банк бюджет қаржысын үлестіреді. Осыған байланысты өтінімдерді онлайн режимде қабылдайтын арнайы платформа іске қосылды.
Оған әлеуметтік осал топтың төрт санатына (I және II топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, сондай-ақ, көпбалалы отбасылар) кіретін адамдар өтініш жібере алады.
Отбасы банкінің басшысы Ляззат Ибрагимованың айтуынша, бағдарламаға қатыса алатын 17 мың үміткерге SMS-пен шақыру жіберілді. Олар қажетті құжаттарды жинауға кірісті.
"Ертең, 26 сәуірден бастап тағы 23 мың үміткерге SMS жолдап, өтініш беруге шақырамыз. Жалдау шарттары бойынша жасалатын төлемді республикалық және облыстық бюджеттерден қаражат түскеннен кейін маусым айында бастауды жоспарлап отырмыз", - деді Ибрагимова орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Жалпы, бағдарлама аясында 70 мың адамның жалға алып отырған пәтер ақысының жартысын төлеп отыру жоспарланып отыр. Оған республикалық және жергілікті бюджеттерден 50 миллиард теңге бөлінеді.
Айта кетері, бағдарламаның негізгі талабына сәйкес, отбасының соңғы 6 айдағы орташа табысы әрбір мүшесіне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни, 36 018 теңгеден аспауға тиіс.
Мысалы, үйде төрт адам болса, барлық отбасының табысы 144 072 теңгеден (4×36 018) артық болмауы шарт. Сонда ғана мемлекет жалдамалы пәтер ақысының жартысын өтейді.
Бағдарламаны келесі жылда жалғастыру мәселесі қаралып жатыр.