Оғыз Доған жас қызды төсекке сүйреді деген ақпарат неге тарағанын түсіндірді

0
4 557

Еске салып өтсек, осыдан бірнеше күн бұрын Оғыз Доған Қазақстанда тағы да тіл мәселесін көтеріп, әлеуметтік желілерді шулатты.


Оғыз Доған жас қызды төсекке сүйреді деген ақпарат неге тарағанын түсіндірді

Қазақ тілінде қызмет көрсетпегені үшін Qazkom банкін бүкіл халық алдында кешірім сұрауға мәжбүрлеген Оғыз Доған түркиялық сайтта жарияланған "атышулы ақпаратқа" қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Оқушыны бопсалаған мұғалім 22 жылға сотталуы мүмкін". Бұл осыдан тура сегіз жыл бұрын түркиялық интернет басылымдардың бірінде Оғыз Доғанға қатысты шыққан ақпарат. Интернет басылымда жазылғандай, сол жылдары мектепте әдебиет мұғалімі болып істеген Оғыз Доған отбасылы болғанына қарамастан, оқушы қызбен бір жыл көңіл жарастырған. Кейін басқа жұмысқа ауысып, 5 жылдан кейін ескі "сүйіктісін" дәмханаға кездесуге шақырған. Сөйтіп қызға бірге болуды ұсынған, қыз бас тартқаннан кейін жалаңаш түскен суреттеріңді отбасыңа жіберемін деп қорқытқан. Қыз ыңғайын тауып, полицияға хабар берген. Ақыр соңында тәртіп сақшылары Доғанды тұтқындаған.

2010 жылы жарияланған ақпараттың рас-өтірігін білу үшін Оғыз Доғанға хабарластық. Жақында ғана бүкіл Қазнетті шулатқан түрік азаматы мұның бастан-аяқ өтірік екенін мәлімдеді.

"Біз тек Қазақстанда ғана ұлт намысын қорғап жүрген жоқпыз, туып өскен елімізде де белсенділік танытып жүрген адамбыз. Біздің елдің Қазақстаннан онша айырмашылығы жоқ. Бізде де өсек тарататын газеттер бар. Сегіз жыл бұрын тараған ақпарат шындыққа жанаспайды, өтірік, жала. Біз газет редакциясын сотқа беріп, жеңіп шыққан едік. Бірақ ақпарат сайттардан әлі өшірілген жоқ", —деді Доған мырза.

Ескі ақпараттағы жалғыз шындық – Доғанның мектепте мұғалім болып істегені.

"Сол жылдары мектепте оқытушы болғаным рас. Бірақ ол қыздың мен істеген мектеппен еш байланысы жоқ. Ұлт жолында жүрген адамдар туралы мұндай қауесет таратыла береді. Дәл қазір Қазақстанда да "қазақ қыздарын алдапты, жүкті етіп тастап кетіпті" деген өсек тарап жатыр. Бұл қауесеттің де, түрік сайттарындағы ақпараттың да шындыққа еш қатысы жоқ. Сотта жеңгеннен кейін, мұның жалған екенін сол газетте жариялатқыздық", — деді ол.

Еске салып өтсек, осыдан бірнеше күн бұрын Оғыз Доған Қазақстанда тағы да тіл мәселесін көтеріп, әлеуметтік желілерді шулатты. Қоғамда резонанс тудырған оқиға Qazkom банкінің Астанадағы "Сарыарқа" бөлімшесінде болған еді. Филиал қызметкерлері банкке клиент ретінде келген Оғыз Доғанға мемлекеттік тілде қызмет көрсетуден бас тартқан. Оғыз Доған орыс тілін түсінбейтінін бірнеше мәрте айтса да, банк қызметкерлері клиенттің сөзін елемеген. Келесі күні банк басшылығы видеомәлімдеме жариялап, Оғыз Доған мен халықтан кешірім сұрады.

Түрік журналисінің бұл әрекетін әлеуметтік желі қолданушылары әрқилы қабылдады. Қазақстандықтардың дені тіл жанашырын қолдап-қолпаштаса, енді бірі керісінше сотқа беру керек дейді. Тіпті шу туғызған видеодан кейін Оғыз Доғанға қатысты неше түрлі қауесет те тарады.