Әскерге шақырылған азаматты медициналық комиссиядан өткізу және одан әрі әскери қызметке шақыру үшін аудандық қорғаныс істері бөліміне мәжбүрлі түрде жеткізгені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.
ERNUR.KZ. Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желіде Ақтаудағы әскери бөлімдердің біріне шақырылған әскери қызметшінің психикалық ауытқуы болуы мүмкін деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп жазады tengrinews.kz.
"18 мамырда сағат 12:00 шамасында бөлімше басшылығы 25744 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі қатардағы А. өз-өзімен сөйлесіп, айналасында болып жатқан оқиғаларға түсініксіз реакция көрсеткенін байқап, сарбаздың ата-анасына осы жайт туралы хабарлаған. Сарбазды медициналық тексеру үшін облыстық ауруханаға жеткізді. Тексеру нәтижелері бойынша дене жарақаттары мен қауіпті жайт анықталған жоқ. 19 мамырда қайта тексеру жоспарланды", - деді Қорғаныс министрлігі өкілі.
Ведомство мәліметінше, әскерге шақырылған азаматты медициналық комиссиядан өткізу және одан әрі әскери қызметке шақыру үшін аудандық қорғаныс істері бөліміне мәжбүрлі түрде жеткізгені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.
"4 мамырда мерзімді әскери қызметші А.-ға белгіленген тәртіппен шақыру қағазы беріліп, 11 мамырда әскерге шақыру учаскесінде өзімен және туысымен әңгімелесу барысында оның ешқайда кетпей, Ақтау қаласында қызмет ететіні айтылды. Кейін мерзімді әскери қызметші А.-ның Қарулы Күштер қатарында әскери борышын өтейтіні айтылды. Ол медициналық тексерістен өтті, денсаулығына шағымданбады", - деп атап өтті министрлік өкілі.
Әскери полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Осы айдың басында тағы бір әскерге шақырылған сарбаз өз еркімен Ақтаудағы қызметінен кетіп қалды. Ол 3 күнге жалғасқан іздеу жұмыстарынан кейін табылып, өз еркімен полицияға жүгінген болатын.