Өзбекстан Қазақстанның бидайын сатып, пайда тауып жатыр - депутат

0
495

Қазақстандық ұн - әлемдік беделі бар, сапасына сұранысы көп, жақсы бренд.


Өзбекстан Қазақстанның бидайын сатып, пайда тауып жатыр - депутат

ERNUR.KZ. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Айбек Паяев Өзбекстан Қазақстаннан астықты алып, басқаларға қымбатқа сата бастағанын айтты, деп жазады baq.kz.

Еліміздің ауылшаруашылық өнімдерінің көп бөлігі экспортқа бағытталған. Солардың бірі - қазақстандық ұн. Біздің ұн - әлемдік беделі бар, сапасына сұранысы көп, жақсы бренд.

Ұн экспорты бойынша әлемде бірінші орында көш бастап келген Қазақстан, қазірде Түркиядан кейінгі екінші орында. Бүкіл халқымыз тұтынатын қазақстандық ұн Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Қырғызстан, Түрікменстанға, Қытайға және т.б. елдерге экспортталады, - деді депутат.

Ол қазақстандық ұнның негізгі импортшылары – Орта Азия елдері бізден астықты сатып алып, оны өз диірмендерінде өндіргісі келетінін атап өтті.

Өзбекстан ұн тарту саласын дамытып, диірменді кәсіпорындар салды. Қазақстаннан баратын бидайға қосымша құн салығын алып тастады. Ал ұнға, керісінше, баж салығын қосты. Ұн тасымалдаушыларға теміржол тасымалының ставкасын жеңілдетті (өздеріне 20$, бізге 54$). Бидайымыздан ұн шығарып, онымен тек ішкі нарығын қамтып қоймай, біздің 66% ұнымызды сатып алатын Ауғанстанның да нарығын ұнмен қамтамасыз етуге көшті, - деді Айбек Паяев.

Оның айтуынша, Қазақстанның ұн өндіру саласы мемлекеттік қолдау мен дамытуды қажет етеді. 2000 жылдары ұн өндіретін 2300 компаниямыз болса, содан қалған 300-ге жуық диірменнің 50%-ы банкротқа ұшырап, тоқтап қалған, жұмыс орындары қысқарып, жабылып жатыр.

Мемлекетке салық төлеп, жұмысшыларға айлық беріп отырған кәсіпорындардың кәсіптерін қарқындатуына жағдай жасауымыз керек. Бүгінде осы кәсіпорындардың табыс табуына жол бермейтін көптеген шектеу мен кедергі бар. Бұл мәселелерді шешу оңай емес, жүйе дұрыс жолға қойылмағандықтан, қайта өңдеу өнеркәсіптерінің жұмысын тежейтін салықтық кедергілер мен нарықтық тосқауылдар мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетуді талап етеді, - дейді мәжілісмен.

Ол астықты тасымалдаушы теміржол операторларының тасымал жүйесін үздіксіз қамтамасыз ете алмауы себебінен, тасымал тарифтерін негізсіз көтеру салдарынан еліміздегі барлық диірмен кәсіпкері зардап шегіп, бизнестер құрдымға кетіп жатқанын айтты.

Мысалы, қазақстандық ұнның 50%-ын өндіріп отырған Шымкент қаласы мен Түркістан облысының диірменді кәсіпорындары жыл сайын келісімшарт бойынша астықты солтүстік өңірлерден жеткізе алмай қиналады. Бұл жағдайға себепкер – астықты темір жолмен тасымалдаушы «АстықТранс» АҚ компаниясы. Өзіміз бидай өсіріп отырып, астық тапшылығын көрудеміз. Трейдерлер күзде диқандардан бидайды сатып алып, шетелдерге сатып жатыр. Ал ұн тартатын диірмендер шикізатқа зәру болып отыр. Бұл жағдай да өндірістің құлдырауына әкеледі, - дейді депутат.

Қазақстан дайын өнім шығарғанда ғана, яғни өндіріс индустриясын дамытқанда өркендейтіні белгілі. Бір ұн өндіретін диірмен бизнесінен бірнеше бизнес көзі пайда болады.

Осы айтылғандардың негізінде Үкімет Қазақстанның ұн тартушы диірмен кәсіпорындарын дамыту мақсатында осы жүйенің тиімділігін және сапасын арттыратын қандай кешенді шаралар жүргізуде? Мемлекет тарапынан пайыздық мөлшерлемесі аз несие беру, коммуналдық көрсетілетін қызметтерді (энергия, су, газ) төмен бағамен беру мәселесі қалай шешіліп жатыр? Экспортталатын бидайға экспорттық кедендік баж енгізіп, отандық бизнесті қолдау жұмыстары жүргізіліп жатыр ма? Ұн тарту кәсіпорындарының қызметін оңтайландыру жолында олардың құқықтарын қорғап, заңсыздыққа жол бермеу қарастырылған ба?, - деді Айбек Паяев Үкімет басшысы Асқар Маминге жолдаған сауалында.
Айта кетейік, бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Еділ Жаңбыршин жұт жайлаған нақты аймақтарда төтенше жағдай жариялауды ұсынды.