Әжейді әбден тепкінің астына алған олар оны өлді деп ойлап, Нұра ауылының сыртына апарып тастаған.
ERNUR.KZ. 13 маусымда Алматы облысы, Іле ауданы Жетіген ауылында тұратын әжейдің үйіне бір әйел мен еркек терезе арқылы басып кірген, деп жазады Skifnews.kz.
Бұл оқиға жайлы ақпарат әлеуметтік желдегі almaty_kris_p парақшасында жарияланды. Желідегі жазбаға көзжүгіртсек, "қарақшылар келгенде әжей оянып кетіп, халатын кие берген сәтте басынан соққы алған. Содан оны ұрып-соққан. Ұрылар үйден ақша ұрлаған. Олар кейуананын соққыға жыққан соң, өліп қалды деп ойлап, оны Нұра ауылының сыртына апарып тастаған. Осы ауылдың тұсынан өтіп бара жатқан жедел жәрдем қызметіндегілер әжейді байқап, ауруханаға апарған. Қазір кейуана ГРЭС-тегі аурухананың травматология бөлімінде жатыр", - делінген.
Ал Алматы облысы полиция департаментіндегілер 14 маусымда Іле аудандық орталық ауруханасына 79 жастағы зейнеткердің түскенін растады.
"Сұрақ-жауап алу кезінде әжей жалғыз тұратынын және үйде болған кезде құлап қалып, содан жарақаттанғанын айтқан. Бірақ істің мән-жайын егжей-тегжейлі зерделеу кезінде тергеушілерге әжейдің бұл сөзі күмән тудырған. Мүмкін, әйел осылайша бір жақынын қорғағысы келетін шығар. Қария өтініш беруден бас тартып, сот-медициналық сараптамадан өтті", - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта дәлелдердің барлығы анықталуда, тексеру жалғасып жатыр.