Парашютпен секіру: биыл елде алты оқыс оқиға тіркелді

0
630

Экстрималды спортқа кәсіпқойлардың ғана емес, уақытын қызықты өткізгісі келетін жастардың да сұранысы жоғары.


Парашютпен секіру: биыл елде алты оқыс оқиға тіркелді

ERNUR.KZ. Елде парашютпен секіруге қызығушылық артып келеді, деп жазады sputnik.kz.

Экстрималды спортқа кәсіпқойлардың ғана емес, уақытын қызықты өткізгісі келетін жастардың да сұранысы жоғары. Құнын төлесе, кез келген адам көкке көтеріліп, аспанда қалғи алады. Тек осы орталықтардың қауіпсізідігіне сұрақ көп.

30 шілдеде ғана елордада парашютпен секірмек болған 58 жастағы ер азамат жерге құлады. Жамбас сүйегі сынып, ауруханада жан тапсырды.
Мамандардың айтуынша, ол биіктіктен қону кезінде қателік жіберген. Қазір тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр.
Биыл елде дәл осындай 6 оқыс оқиға тіркелді. Бірақ сұраныс күн санап артып келеді. Себебі парашютпен секіру қолжетімді. Бір ғана елордада аптасына орташа есеппен 40 адам парашютпен секіреді. Құны – 30 мың теңге. Жаттықтырушылар ұшу алдында нұсқау көрсетеді. Әрі қарай жауапкершілік тұтынушының өз қолында.
"Әрине, егер парашют ашылмай қалса, жауапкершілік федерацияның мойнына жүктеледі. Бірақ қосалқы парашют бар екенін де ескеру керек. Бұл жай аттракционмен сырғанау емес, қауіпті спорт екенін ұмытпауымыз керек. Жерге қону кезінде біз адамның ойын оқи алмаймыз. Әркім өзін әрқалай ұстайды. Ережелерді барынша сақтау маңызды", - дейді спортшы Талғат Сүлейменов.
Жалпы бұл кәсіппен ресми акредиттелген федерациялар ғана айналыса алады. Елдегі Авиациялық спорт федерациясының 10 өңірде филиалы жұмыс істейді. 45 секция, 800 спортшы бар. Оларды 35 маман жаттықтырады. Федерация өкілдерінің айтуынша, орталықты жылына бір рет Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты ұйымдар тексереді. Бірақ аталмыш ведомство бұл сөзді жоққа шығарды.
"Бүгінгі күні мараторий бар ғой. Біз жеке кәсіпті тексере алмаймыз, біріншіден. Екіншіден, құжатты алатын кезде лицензиялар тапсырылады. Бізде бақылау функциясы жоқ. Федерациясының толық жауапкершілігінде болады. Олар бізден аккредитация алады. Сол жерде өзінің жоспары болу керек", - дейді спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Байжанов.
Министрлік өкілінің сөзінше, бұл кәсіппен тек лицензия алған федерация ғана айналыса алады. Бірақ олар тек теориялық түрде аккредиттеледі.
Яғни, іс жүзінде инфрақұрылымның жарамдылығына тексеріс болмайды. Ал бұл қауіпсіздікті қаншалықты қамтамасыз етеді? Қайғылы жағдайдан кейін қараша осы сұрақты жиі қоя бастады. Алайда жабуылы қазан жабық күйінде қалып отыр. Өйткені тұрақты тексерісті кім жүргізетіні белгісіз.