Палата депутаттары аталған ұсынысқа қолдау білдірді.
ERNUR.KZ. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары қоғамдық кеңестердің қызметі мәселелері бойынша құжатқа Сенат енгізген толықтырулармен келісті, деп жазады ҚазАқпарат.
«Сенат түзетулері Мәжіліс мақұлдаған заң жобасының тұжырымдамасы мен мазмұнын өзгертпейді. Сенат енгізген өзгерістер мен толықтырулар «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорында және қор тобына кіретін ұлттық компанияларды қоғамдық кеңестерді құруға байланысты нормаларды нақтылауға бағытталған. Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық кеңестердің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістер мен толықтырулармен келісуді ұсынады», - деді депутат Арман Қожахметов.
Палата депутаттары аталған ұсынысқа қолдау білдірді.
Еске сала кетейік, 24 желтоқсанда Парламент Сенатының жалпы отырысында аталған құжатқа толықтырулар енгізілгендіктен, заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.
Мәжіліс мақұлданған заң жобасын талқылау барысында Сенат комитеті Ұлттық әл-ауқат қоры мен Ұлттық әл-ауқат қоры тобына кіретін ұлттық компаниялар құрған Қоғамдық кеңесті құру және оның қызметін ұйымдастыру тәртібін нақтылауға қатысты бірқатар ұсыныс енгізді.
Атап айтқанда, «Қоғамдық кеңестер» Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың маңызды құралына айналып отыр. Қоғамдық кеңестер – Үкімет тарапынан жүргізіліп жатқан әлеуметтік, саяси, экономикалық даму жолдарын айқындауда, халық пікірін жинақтауға мүмкіндік береді.