Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов дезинсекциялық іс-шаралардың барысына арналған жиналыс өткізді.
ERNUR.KZ. Павлодар облысында су басқан аймақтардағы шыбын-шіркейді жою үшін авиация қолданылады, деп жазады sputnik.kz.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов дезинсекциялық іс-шаралардың барысына арналған жиналыс өткізді.
"Менің тапсырмам бойынша облыстың ғылыми тобы барлық жағалау аумақтарына тұрақты негізде фенологиялық бақылаулар жүргізуде. Облыстың солтүстік аудандарындағы жайылмада авиацияны қолдана отырып, шіркейге қарсы өңдеу стратегиясы қайта қаралды", - дейді өңір басшысы.
Қазір сары масаның 3 түрі пайда болған, оларға күнделікті тосқауыл жасалып жатыр, дейді ведомство.
"Ертіс өзенінің жоғары ағысында орналасқан аудандарда, атап айтқанда, Май, Аққулы аудандарында сары масаға шағым бар, олардың саны кешкі уақытта үй жануарлары өрістен оралғанда көбеюде. Мұнда өңдеу жұмыстары 14 мамырда басталды. Павлодар ауданында өңдеу жұмыстары жағалау бойындағы 18 ауылда жүргізіліп жатыр. Өткен жылдармен салыстырғанда, күндізгі және кешкі уақыттарда сары масалардың ұшып шыққан формасы байқалады, шіркейлер аз мөлшерде", - деп хабарлады облыстық әкімдік.
Ертіс өзенінің төменгі ағысында орналасқан аудандарда су басқан аумақтарда сары масалардың дернәсілдерінің дамуы әлі де 90%, шіркей де басым.
"Осыған байланысты, 29-31 мамыр аралығында өзенде шіркейге қарсы 1-ші тур өткізілді. Бұдан бұрын бекітілген Бесқарағай ауылынан Моисеевка ауылына дейінгі 10 нүктеде 133 мың литр көлемінде биопрепарат құйылды. Жергілікті жерлерде шыбын-шіркейдің даму қарқыны жоғары негізгі арналар мен Железин, Ертіс, Ақтоғай, Тереңкөл ауылдарының жағалаулары және Кенжекөл ауылынан Павлодар ауданының Мичурино ауылына дейінгі учаскелер өңделді", - дейді әкімдіктегілер.
Ауа райы мен судың көп келуіне байланысты дезинсекциялық іс-шараларды шілденің бірінші онкүндігінің соңына дейін аяқтау жоспарланған.