​Павлодарда жылу жүйелеріне байланысты күніне 100-ге жуық шағым түскен

0
1 012

Павлодарда үйлердегі жылу параметрлері күрт төмендеп, тұрғындар жауапты мекемелердің жұмысына наразылық танытуда


​Павлодарда жылу жүйелеріне байланысты күніне 100-ге жуық шағым түскен

ERNUR.KZ. Павлодарлықтарды қатты аяз әбден әбігерге салды, деп жазады 24.kz.

Үйлердегі жылу параметрлері күрт төмендеп, тұрғындар жауапты мекемелердің жұмысына наразылық танытуда. Осыған орай шұғыл түрде жұмыс топтары құрылып, азаматтардың шағымы негізінде жылу жүйелері жіті тексерілмек.

Гүлмира Шәмшиденова осы пәтерде 15 жылдан бері тұрады. Баспанасы суып кеткендіктен, осылай қабат-қабат киініп жүруге мәжбүр. Қазіргі уақытта бұл шағын ауданда 200-ден астам тұрғыны бар төрт баспананың иелері тоңып отыр.

Гүлмира Шәмшиденова, қала тұрғыны:

- Далада аяз. Содан бері, міне, үйдің іші салқын. Міне, 15-16 көрсетеді. Ұйықтағанда суық. Енді көрпе жамылып жатырмыз. Киініп жүрміз.

Осындай қиындықтарды Екінші Павлодар шағын ауданының тұрғындары да көріп отыр. Бөлмелердегі жылу параметрлері нормаға сай емес. Жатын бөлмедегі температура +22 болуы керек болса, кей үйлерде +17-ге төмендеген. Желілік судың қысымы да төмен. Валентина Манохина, ПИК өкілі:

- Ыстық судың қысымы – небары 100 грамм. 7-8 кіреберісте нормаға сәйкес емес. Қыстың басында 300 грамға көтерілген. Бұған дейін осы үйде қысымды көтеретін құрылғылар болыпты. Алып тастаған соң, жағдай қиындады.

Жылу тарату кәсіпорындары, тұрғын үй инспекциясы мен пәтер иелері кооперативтерінің қызметкерлері үш топқа бөлініп тексеріп, негізгі себептерін де анықтады.

Нұрлан Рашитов, қалалық тұрғын үй инспекциясының сектор меңгерушісі:

- Негізгі себептері – гидравликалық температуралық параметрлерінің болмауы. Біз тексерген үйлердің 30%-де осындай мәселелер. Сонымен қатар желілік судың температурасы нормаға сай емес. Осыған орй жылу тарату компаниясына шағым түсіріп, талап қойдық.

Мамандардың айтуынша, жылудың нормаға сай болмауына тұрғындардың салғырттығы да себеп. Кей үйлердің терезелері мен кіреберістері жылытылмаған. Жұмыс комиссиялары күніне 30-дан астам үйді тексеріп жатыр. Мәселені шешу жылу тарату компаниясына жүктелді.

Соңғы тәуліктерде қала тұрғындары тарапынан жылу энергиясының жетіспеушілігіне қатысты 200-ден астам шағым түскен. Сала мамандарының айтуынша, олардың 30%-і расталады екен. Қазіргі уақытта тұрғындардың шағымдары бойынша нақты шаралар қолға алынып, 10-нан астам үйде жылу параметрлері нормаға сәйкестендірілді.