Петропавлда бір айда екі қыз 30 метрлік жардан құлап кетті

0
509

​Сәуірдің басында бұл жерден 18 жастағы қыз құлады. Оны шығару үшін полиция мен құтқарушылар арнайы платформаны пайдаланды.


Петропавлда бір айда екі қыз 30 метрлік жардан құлап кетті

ERNUR.KZ. Петропавлда 17 жастағы қыз Есіл өзенінің жағасындағы жардан құлап кетті. Бұл бір ай ішіндегі осындай екінші оқиға, деп жазады sputnik.kz.

"102 нөміріне Жеңіс саябағында қыздың жардан құлап кеткені туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына полиция қызметкерлері, жедел жәрдем көлігі, құтқарушылар барды. 2005 жылы туған зардап қыз түрлі жарақатпен қаланың медицина мекемелерінің біріне жеткізілді", - деп хабарлады қалалық полиция басқармасы.

Бұл оқиға туралы әлеуметтік желіде Петропавл қаласының тұрғыны Андрей Фролов хабарлады.

"Кеше Жеңіс саябағында қыз жардан құлап кетті. Бұл осы аумақтағы екінші жағдай, алайда қаладағы осы қауіпті жерге ешкім мән бермей отыр. Жеңіс саябағы – қала тұрғындары мен қонақтары көп жиналып, демалатын орын. Көпшілік Есіл өзені жағалауына шығып, көріністі тамашалап, серуендейді. Тас төселген жерден бірнеше метр қашықтықта жар басталады", - деп жазды Андрей Фролов.
Ол жергілікті билік органдарына қауіпті аймаққа назар аударуды және жардың алдына қоршаулар, ескерту тақталарын, сондай-ақ жақсы жарықтандыру орнатуды ұсынды.
"Бір сөзбен айтқанда, Жеңіс саябағы маңындағы жағалауды демалушылар үшін қауіпсіз әрі жайлы болатындай етіп істеу керек", - деп түйіндеді қала тұрғыны.
Полиция бұл ұсынысқа қоршау мен басқа да инфрақұрылым нысандарын салу ішкі істер органдарының құзыретіне кірмейді деп жауап берді.
"Жеңіс саябағының аумағында, стеланың жанында, "Модуль" стационарлық бекетінде тәулік бойы полиция қызметкерлері қызмет атқарады. Олар келешекте осындай фактілердің алдын алу үшін де жұмыс істейді", - деп толықтырды полиция.
Айта кетері, биыл осындай жағдай сәуірдің басында болды. Ол кезде 18 жастағы қыз құлап кетті.