​Петропавлдық ата-ана беймәлім дертке шалдыққан баласына көмек сұрайды

0
1 429

2 айдан астам уақыт өтсе де, оған ақ халаттылар нақты диагноз қоя алмай отыр.


​Петропавлдық ата-ана беймәлім дертке шалдыққан баласына көмек сұрайды

ERNUR.KZ.Петропавлдың кішкентай тұрғыны Расул Нұржан дәрігерлерге беймәлім дертке душар болды. 2 айдан астам уақыт өтсе де, оған ақ халаттылар нақты диагноз қоя алмай отыр. Ата-анасы сәбиді астанадағы Ана мен бала орталығына, Ресейдің Омбы қаласының клиникаларына апарған. Бірақ одан да нәтиже жоқ. Ал баланың денсаулығы күнен-күнге нашарлап барады, деп жазады Baq.kz.

Расул 4 жаста. Осыдан 2-3 ай бұрын ғана қатарластарымен бірге балабақшаға барып, асыр салып жүрген сәби бүгінде жүрмейді, тамақ ішпейді, бас көтеріп отыра да алмайтын халге жеткен. Тіпті айналадағы дыбыстарды қабылдамайды. Баланың анасы Ажар Нұржанның айтуынша, сәбиі ұйқыда жатып шошып оянған. Одан кейін жағдай бірнеше рет қайталанған. Одан кейін Расул жүріп келе жатып талып қалатын болған. Екі айдан бері бала талай дәрі ішіп, бірнеше емдеу курсынан өтсе де, шипа жоқ. Қазір Расулдың денесі тырысып, сіңірі тартып күндіз-түні үздіксіз ауырады. Тек арнайы екпелерден кейін ғана аз уақыт демалады. Дәрігерлер баланың орталық жүйке жүйесі зақымдануы мүмкін екендігін айтады.

«Қазір генетикалық ауытқушылық белгісі бар бірнеше ауруға сараптама жүргізіп жатырмыз. Бас миына компьютерлік томография жасалды. Астана арқылы Италья невролог-профессоларына талдауларды жібердік. Қосымша зерттеу керек», - дейді облыстық балалар ауруханасының неврология бөлімшесінің меңгерушісі Елена Бедина.

Расулдың дертінің алдында медицина дәрменсіздік танытып отыр. Оның ата-анасы үреймен өмір сүріп келеді. Амалы құрыған отбасы шетелдік клиникаларға хат жазған. Корея дәрігерлері баланы қабылдауға келісім беріпті. Оған қомақты қаржы керек.

«Астана мен Омбыда жасалған ем шаралары оң нәтижесін берген жоқ. Баламның дерті асқынып барады. Оған қоса, нақты диагнозы қойылмады. Кәріс дәрігерлері «емдейміз» деп сендіріп отыр. Алайда бастапқыда өзімізбен 10 мың долларды апаруымыз керек. Бұл тек баланы қарау үшін ғана. Нақты сомасын айта алмайды, өйткені баланы көруі керек. Аурудың себебін анықтап, диагнозын қойғаннан кейін белгілі болады. Билік басындағылардан баланы Кореяға жеткізуге жәрдемдесуін сұраймын, - дейді Расулдың әкесі Руслан Нұржанұлы.

«Бала ауруханаға келгенде өз аяғымен жүріп келді. Осылай болады деп ойламаған едім. Меніңше дұрыс емдемеудің салдарынан ауру асқынып кетті. Маман болмағандықтан, біз анық-қанығын білмейміз. Диагнозды нақтылау үшін жедел түрде зерттеу жүргізіп, әрі қарай емдеу қажет. Қазір бала жүре де, сөйлей де алмайды, тамақ ішпейді. Қатты ауырсынады. Қиналады. Көмектесейік десек, қолымыздан ештеңе келмейді. Баланың аурудан азап шегіп жатқанын көріп, жаным қиналады», - дейді көзіне жас алған Расулдың анасы Ажар Нұржан.

Шарасы қалмай қиналған ата-ана әлеуметтік желілерде халықтан көмек сұраған. Ғаламторды пайдаланушылар барынша репост жасап, азын-аулақ ақша жинап жатқан көрінеді. Петропавлда Сити Молл сауда үйінде шілденің 29-ы күні қайырымдылық жәрмеңкесі өткізілмек. Кішкентай Расулдың туғандары балаларының еміне шипа табылатынына сенеді.