Көрнекті ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Фариза Оңғарсынованың туғанына биыл – 80 жыл.
ERNUR.KZ. Фариза Оңғарсынованың тойы туған жері Атырауда басталды. Ақын құрметіне «Жыр – менің жалғыз тарланым» атты республикалық жыр мүшәйрасы ұйымдастырылып, жүлдегерлер марапатталды, деп жазады Aikyn.kz.
Махамбет сыйлығының иегері, белгілі ақын Светқали Нұржан бастаған қазылар алқасы мүшәйраға түскен жүзге жуық өлеңді сарапқа салып, баға берді. Жыр додасының қорытындысында жүлделі үшінші орынды Динара Мәлік, Тоқтарәлі Таңжарық, Жанерке Ғинаят иеленді. Екінші орынның тұғырынан «Байрон» деген лақап атпен қатысқан Батырхан Сәрсенхан, Асыланбек Шығыров көрінді. Жүлделі бірінші орынды Қалқаман Сарин еншіледі. Фариза Оңғарсынованың отбасы атынан ұлы Алмас Оңғарсынов пен немересі Алан Айварұлы жас ақын Арайлым Жақсылыққа арнайы жүлде тапсырды.
Тоқымдай ғана Манашта дүниеге келіп, Алашқа танылып, поэзия падишасы атанған Фариза Оңғарсыноваға арналған республикалық аламан бәйгенің бас жүлдесін жүзден жүйрік болып, жырымен тамсандырған Мирас Асан иеленді. Жас ақын мүшәйраға үш бағытты үш жыр арнап жазып ұсынған екен. Оның айтуынша, фаризатану енді басталады. Фаризаны әр қазақ жырлауы керек.
Бас жүлде иесіне марапатты Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев тапсырды.
– Бүгінгі өлеңнің тойы – ақын тойы Атырау еліндегі шымылдығын ашқалы отыр. Қазақта «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» деген жақсы сөз бар. Жазба поэзия өкілдерінің қатысуымен өткен бұл байқау шын мәнісіндегі талантты жастардың келешегіне қанат бітіреді деген ойдамыз. Аса күрделі, жұмбақ, асқақ ақынның өлеңдегі бейнесін жасауға талпыныс білдірген жүзге жуық үміткердің арасынан озық шыққандар бүгін Фариза Оңғарсынова туған жерге келіп отыр. Фариза апамыз жүздеген жас талантты қанатының астына алған қамқор ұстаз болды. Ол тұсауын кескен көптеген жастар бүгінде қазақ әдебиетінің белгілі өкілдеріне айналып үлгерді. Мүшәйрада жүлделі орынға ие болғандар ғана емес, осы мүшәйраға қатысқан ақындардың барлығына Фариза апамыздың рухы разы деп ойлаймын, – деген аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы ақын рухына бас иіп, сағынышпен еске алуға мүмкіндік берген айтулы шараны ұйымдастырған жандарға алғысын айтты.
Атырау облысы әкімдігі, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалы, «Руханият» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған республикалық мүшәйра Фариза Оңғарсынованың шығармашылығын насихаттауды, жас таланттарға қолдау көрсетіп, поэзияда жаңа есімдерді шығаруды мақсат етті. Сондықтан да позэия падишасының өміршең жырларын насихаттау, фаризатану еліміздің барлық аймақтарында жалғасып, ақын жырлары ғасырларға аманаттала берері сөзсіз.