Пойыздан ақау шығып, жолаушыларға өтемақы төленді

0
933

Вагонның доңғалақ жұптарының бірінен ақау анықталған.


Пойыздан ақау шығып, жолаушыларға өтемақы төленді

ERNUR.KZ. 14 қаңтарда «Нұр-Сұлтан– Алматы-2» бағытына қатынайтын №04 жолаушылар пойызы техникалық ақау шықты, деп жазады ҚазАқпарат.

14 қаңтарында «Нұр-Сұлтан– Алматы-2» бағытына қатынайтын №04 жолаушылар пойызы техникалық ақауға байланысты «Бабатай-Аршалы» аралығында кідірді. Жолаушылар пойызы жүріп бара жатқанда «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ Қарағанды бөлімшесінің Бабатай станциясының кезекшісі Қарлығаш Маусымбаева бөтен дыбысты естиді, сол кезде ол туралы радиобайланыс арқылы пойыз машинисіне хабарлап, пойыз сол мезетте жедел түрде тоқтатылады. Пойызды сыртынан тексеру кезінде вагонның доңғалақ жұптарының бірінен ақау анықталған, бұл құрамның қозғалыс қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін болған.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ ақауды жөндеу кезінде вагон-мейрамханада жолаушыларға тегін ыстық тамақ ұйымдастырып, жол жүру құжаттарын (билет) қайтаруларына мүмкіндік жасады. «Нұр-Сұлтан Нұрлы жол – Алматы-2» бағытына қатынайтын №04 пойыз Нұр-Сұлтан қаласынан 2020 жылдың 15 қаңтары сағат 03.19-да жөнелтілді.

«Нұр-Сұлтан Нұрлы жол – Алматы-2» бағытына қатынайтын №04/03 пойызы тоқтатылған уақытта ондағы жолаушылардың жалпы саны – 280 болған, оның 62-сі Нұр-Сұлтан-1 станциясында жол жүру құжаттарын кері қайтарған, ал қалған жолаушылар сол пойызбен сапарын жалғастырды.

«Нұр-Сұлтан Нұрлы жол – Алматы-2» бағытына қатынайтын №04 пойызына Қарағанды станциясынан кесте бойынша 105 жолаушы отыруы тиіс болатын. Алайда, №04/03 пойызының кешігуі себебінен 96 жолаушыны Қарағанды арқылы өтетін басқа пойыздарға бөліп отырғызуға тура келді, ал 9 жолаушы жол жүру құжаттарын (билеттерін) қайтаруды жөн көрді.

Тасымалдау ережесіне сәйкес жолаушылар әр кешіккен сағат үшін билет құнының 3% мөлшерінде өтемақы немесе жол жүруден бас тартып, билет құның 100% қайтарып алуларына болады.