Полицей құшақтаған сәбидің әкесі: Қызымды анасына беріп, басқаларына көмектесе бастадым

0
1 164

Сәбидің анасы жансақтау бөлімінде жатыр.


Полицей құшақтаған сәбидің әкесі: Қызымды анасына беріп, басқаларына көмектесе бастадым

ERNUR.KZ. Алматыда ұшақ апаты орын алған жерден полицей құтқарған бес айлық сәби ата-анасымен бір ауруханада жатыр. Оның әкесі Ахболат Давааның денсаулығы әлдеқайда жақсарыпты, деп жазады Stan.kz.

Ер азаматтың айтуынша, оқиға болған күні әйелі және нәресте қызымен Нұр-Сұлтандағы үйлеріне қайтпақшы болыпты. Бір күн бұрын Шымбұлаққа барған отбасының ұшақтағы көңілі көтеріңкі болып, еш қорқыныш сезбепті.

"Біз әйелім екеуміз қызымызды алып, 10 қатардағы А және В орындарына отырдық. Мен терезе жақтан соққан желден қызым суықтап қалмасын деп әйелімнің арғы жағына отырдым. Бәрі тез болып кетті. Ұшақтың жерге тигенін сездім. Бір кезде қатты соққы болды. Мен есімді жиған кезде не болғанын бірден түсінбедім. Оянсам бетім шаң-шаң, қараңғы жерде жатыр екенмін. Сақтық белдігін шешіп, аурудан еңкілдеп жатқан әйеліме көмектесе бастадым. Оны ұшақтың сыртына шығардым. Сосын қызымды іздей бастадым. Оның ақ күртешесі болған еді, сол себепті бірден тауып алдым. Басында ол қозғалмай жатқандықтан, өліп қалды ма деп қорқып кеттім. Сөйтіп әйелім көріп қоймасын деп, оны көрсетпей көтере бастағанымда, қызым жылап жіберді. Оны тірі екеніне көз жеткізгенімде қуанышымның шегі болмады. Баланы әйелінің қолына беріп, өзім басқа жолаушыларға көмектесе бастадым. Сөйтіп жатқанда сол маңда тұратын адамдар келіп, бізге үйге кіріп жылынып алыңдар деп айтты", - дейді ұшақ жолаушыларының бірі.

Бұған қоса ол әйелінің жансақтау бөлімінен шықпағандығын айтып, мазасы кетіп жүргендігін қосты.

"Құдайға шүкір, әйелім енді тезірек жазылып кетсе екен деймін. Бірақ тірі қалдым деп мақтанбаймын. Марқұм жолаушылардың отбасыларына көңіл айтамын. Менің қызым да ауруханадан шықпады, онымен бірге менің әпкем бар. Дәрігерлердің қамқорлығына үлен алғыс білдіремін", - деп аяқтады сөзін Ахболат Даваа.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде полицей көтеріп келе жатқан нәресте түсірілген видео таралған еді. Полицей құшақтаған сәбидің жағдайы жайлы вице-министр сөз қозғаған еді.