Сәбіз үшін жергілікті тұрғындар мен полицейлер сөзге келіп қалды.
ERNUR.KZ. Ақтөбе тұрғындарына тегін сәбіз жинауға кедергі келтірілді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Ақтөбеде фермер сәбіз еккен. Кейін оның қала тұрғындарына тегін берілетіні хабарланған. Бірақ егін иесі мұндай сұраныс болатынын күтпеген.
Желіде біреудің трактормен келіп, сәбізді көміп жатқан видеосы жарияланды. Ролик авторы трактордың келгеніне көңілі толмай тұр.
"Адамдар жинап алсын деп далаға тегін тастады ғой. Ешкімге керек емес. Тегін тарата бастап еді. Полицейлер келді де, трактормен жерге көміп жатыр. Бәрі адамдар алмасын деп", - деді видео авторы.
Полициядағылар шағымға қатысты пікір білдірді. Олардың айтуынша, сәбіз жинауға кедергі жасағысы келмеген. Оларды егіннің иесі шақырған және сәбізді көміп тастауды бұйырған.
"Полиция қызметкерлерінің бұл іске еш қатысы жоқ. "Пригородный" ЖШС басшылығы өз территориясында шіріген сәбізді әрі қарай кәдеге жарату үшін төгіп тастаған. Көкөніс жинауға келген азаматтар темекі тарта бастаған және ЖШС басшылығы түсіндіру жұмысын жүргізу үшін полицияның учаскелік инспекторын шақырды", - деді Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметінің басшысы Ерболат Сарқұлов.