Полицейлер жатақханалардан 200-ге жуық құқықбұзушылықты анықтады

0
1 011

Жедел-алдын алу шарасы желтоқсан айына дейін жалғасады


Полицейлер жатақханалардан 200-ге жуық құқықбұзушылықты анықтады

ERNUR.KZ. Павлодарлық полицейлер «Учаске» жедел-алдын алу шарасы барысында жатақханаларды тексеріп, 200-ге жуық құқықбұзушылықты анықтады, деп жазады Baq.kz.

Жедел-алдын алу шарасы шеңберінде Павлодар қаласы аумағында полиция қызметкерлері қала жатақханаларында рейдтік шаралар жүргізді.

«Облыс орталығында 39 жатақхана орналасқан. Ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметкерлері барлық жатақханалардың бөлмелерін тексеріп шықты. Басты мақсат – заңсыз тұрып жатқан азаматтарды анықтау. Тексеріс қорытындысы бойынша учаскелік полиция пунктеріне 53 адам жеткізілді, 15 адам ішкі істер бөлімінің профилактикалық есебіне алынды. Олар әкімшілік құқықбұзушылыққа жол берген», - дейді облыстық ІІД баспасөз қызметінің маманы Алма Мұсабекова.

Нәтижесінде тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарынсыз тұру бойынша -63, ұсақ бұзақылық бойынша - 25, ішімдік ішу бойынша – 57 және қоғамдық орындарда темекі шегу бойынша 36 дерек анықталды.

«Учаске» шарасы облыстың барлық елді мекендерінде өтіп жатыр. Мәселен, 21 мың тұрғыны бар Усолка шағын ауданында әр учаскелік полицейге 5 мың адамнан келеді. Полицейлер 1700-ден астам пәтерді аралап, тіркеусіз жүрген 10-нан астам сотталушыны анықтаған. Жалпы, қала көшелеріндегі криминогенді жағдай тұрақты. Қылмыс 7,6 пайызға азайған.

«Біз мәліметтерді электронды журналға енгіземіз. Адамның аты-жөнінен бастап, телефон номері, ұлты, тіпті, иелігінде қарудың бар-жоғы туралы толық ақпарат бар. Біз қағазбастылықтан арылдық, уақыт үнемдей бастадық. Бүгінде бұл шағын аудандағы тұрғындар туралы мәліметтер жинақталған. Біз тіркеусіз тұрған бұрын сотты болған 10 адамды анықтадық», - дейді қалалық ІІБ оңтүстік полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Нұржан Тасқарин.

Жедел-алдын алу шарасы желтоқсан айына дейін жалғасады.