Премьер-министр Смайылов көкөністерді төмен бағамен сатып алуды тапсырды

0
619

Премьер-министр қазір биылғы егіннен жиналған көкөніс өнімдерінің бағасы төмен екенін айтты.


Премьер-министр Смайылов көкөністерді төмен бағамен сатып алуды тапсырды

ERNUR.KZ. Премьер-министр Әлихан Смайылов маусымаралық кезеңде азық-түлік бағасының айтарлықтай өсуіне жол бермеу үшін көкөніс қоймаларын жергілікті көкөністермен "ең төмен бағамен" жедел толтыруды тапсырды, деп жазады Tengrinews.kz.

ҚР СИМ сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының 19,6 пайызға, оның ішінде өткен аптада 0,1 пайызға өскенін баяндады. Өңірлер бойынша жоғары көрсеткіштер Ұлытау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында тіркелді. Алайда кейінгі уақытта елімізде бірқатар тауар позицияларының, соның ішінде, пияз бен қант бағасы төмендеп келеді.

Сондай-ақ, ол бүгінгі таңда қарақұмық, күріш, картоп, сәбіз, күнбағыс майы, әлеуметтік нан, ұн, кеспе және сүт өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бойынша кешенді жұмыс жалғасып жатқанын айтты.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, бағаны тұрақтандыру үшін 186,1 мың тоннаға жуық ӘМАТ қоры бар. Сонымен қатар, өңірлерде көкөністерді жинау жұмыстары жалғасып жатыр, бұл тұрақтандыру қорларының азық-түлік базасын одан әрі ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Премьер-министр қазір биылғы егіннен жиналған көкөніс өнімдерінің бағасы төмен екенін айтты. Осыған байланысты өңірлердің әкімдері тұрақтандыру қорларын белсенді түрде толықтыруы қажет.
"Наурыздан маусымға дейін жалғасатын маусымаралық кезеңде тапшылықты болдырмау және қымбат көкөністерді сырттан тасымау үшін қоймаларды қазірден бастап пияз, картоп, сәбіз, қырыққабатпен толтыру қажет. Маусымдық кезеңде бағаны интервенциялау және көкөніс бағасының шарықтап кетуіне жол бермеу үшін оларды ең төмен бағамен сатып алатын мүмкіндікті қазірден тиімді пайдалану қажет", - деді Әлихан Смайылов.
Баяндамашыларды тыңдай келе премьер-министр бағаны тұрақтандырудың жаңа тәсілдерін іске асыру аясында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың шоттарындағы қаражатты резервке қойып, оларды өндірушілерді қаржыландыруға жіберу қажетін айтты.
Сонымен қатар, премьер-министр Ұлттық статистика бюросы ұсынған фискалдық деректер операторлары арқылы инфляция мониторингі бойынша жаңа тәсілдерді қолдады. Оның айтуынша, 2023 жылдың басынан бастап жаңа форматқа көшу және осы процеске техникалық қолдау көрсету үшін жұмыс жүргізу қажет.
Оған қоса, Әлихан Смайылов Баға белгілеу тізбегін тексеру жөніндегі аймақтық комиссияларды қайта форматтауды жеделдетіп, Астана қаласының, Жамбыл, Алматы және Қызылорда облыстарының әкімдеріне сауда үстемесін 15-тен 10 пайызға дейін төмендету жөніндегі меморандумдарға қол қоюды жеке бақылауға алуды тапсырды.