Премьер-министр Смайылов ТМРК төрағасына сөгіс жариялады

0
450

Үкімет басшысы қалыптасқан жағдайды Ұлттық экономика министрлігі тарапынан кеткен олқылық деп атап өтті.


Премьер-министр Смайылов ТМРК төрағасына сөгіс жариялады

ERNUR.KZ. Премьер-министр Әлихан Смайылов Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасына коммуналдық қызметтерге тарифтерді көтеру және инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын кешіктіргені үшін сөгіс жариялады, деп жазады tengrinews.kz.

Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штаб отырысында Премьер-министр Мемлекет басшысы саладағы күрделі проблемаларды ескере отырып, елдің тіршілік көзіне қажетті барлық жүйені жаңғыртуға және күрделі жөндеуге бағытталған "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасын іске асыруды тапсырғанын айтты.

"Ол үшін біз заңнамалық түзетулерді, нормативтік құқықтық актілерді қабылдадық. Бұған дейін табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламалары мен тарифтерін түзете алмай келген едік. Енді оған мүмкіндік туып отыр", - деді Әлихан Смайылов.

Оған қоса, Үкімет басшысы коммуналдық кәсіпорындар тарифті түзету және жаңғырту процесін бастау үшін қажетті құжаттаманы баяу дайындап жатқанын атап өтті.
"Бұл процесті созбалаңға салуға болмайды. Желілер мен станцияларды күрделі жөндеу жұмыстарын жедел бастау маңызды. Бұл – кезек күттірмейтін міндет. Әсіресе, бұл – құрылыс маусымы қысқа және жылу беру кезеңі ерте басталатын солтүстік өңірлер үшін өзекті мәселе", - деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы қалыптасқан жағдайды Ұлттық экономика министрлігі тарапынан кеткен олқылық деп атап өтті. Осыған байланысты Әлихан Смайылов ведомство басшысы Әлібек Қуантыровқа ескерту жасап, үйлестіру жұмыстарының төмен деңгейде жүргізілгені үшін Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаевқа сөгіс жариялады.

"Коммуналдық қызметтердің сапасына қатысты Президенттің және халықтың тарапынан орынды сын естіп келеміз. Алдымыздағы жылыту маусымында өткен қыста орын алған төтенше жағдайларға жол бермеу керек. Сұраныс қатаң болмақ", - деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр инфрақұрылымды жаңғырту мақсатында коммуналдық кәсіпорындардың тарифті түзету бойынша берген өтінімдерін жедел енгізуді, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін маусымның аяғына дейін жылу желілеріне техникалық тексеру жүргізуді аяқтауды, сондай-ақ 2024 жылға жоспарланған құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы жыл аяғына дейін әзірлеуді тапсырды.